Елбасы Үкіметке шағын қалаларды дамыту бойынша бағдарлама әзірлеп, оны іске асыруға тапсырмалар берілген. Осыған орай, Өңірлік даму Министрлігінің тапсырысымен Евроодақ Экономикалық жобасын жүзеге асыру аясында шағын қалалардың кешенді даму жоспарына сараптамалық жұмыс жүргізу жоспарланып, тиісті мамандар аймақтарды аралауда.
«Осы мақсатта Қазалы ауданына Астана қаласынан моно және шағын қалаларды дамыту жөніндегі жетекші-сарапшы, Финляндия елінің азаматы, доктор Тимо Пиирайнен арнайы іссапармен келіп, мемлекеттік бағдарламаның тізіміне енген Қазалы қаласымен танысты» деп хабарлайды Қазалы ауданы әкімдігінің баспасөз хатшысы Балгүл Мәмен.
Доктор Тимо Пиирайненді аудан әкімі Бахыт Жаханов қабылдап, Қазалы қаласының алдағы даму жоспары бойынша пікірлесті. Белгіленген жұмыс жоспарына сәйкес қала әкімі Н.Бозғұловпен бірге Қазалы қаласындағы «Нұралы» мешітіне, «Ғанибай» керуен сарайына, М.Горький атындағы кітапхана орналасқан Ноғай мешітіне, «Шағала» балалар сауықтыру демалыс орталығына, Орман зерттеу орталығы мен «Ояз» бағына, Ғ.Мұратбаевтың мемориалдық музейіне барды. Аралау кезінде қаланы дамытуға қандай мүмкіндіктер бар екеніне зерттеу жүргізіп, қала әкімінің ұсынысын тыңдады. Өз кезегінде қала әкімі Н.Бозғұлов қаланы төрт бағытта дамытуға қолайлы екендігін жеткізді.
- Бірінші бағыт бойынша Қазалы қаласында бірнеше тарихи ескерткіштердің орналасуына сәйкес туризм саласын дамыту.
- Екінші бағыт бойынша қала тұрғындарының бау-бақша дақылдарын егумен айналысатындықтан жылыжай салуды қолға алу.
- Үшінші бағыт бұрынғы Қазалы ремонт мекемесін қайта жаңғыртып, ауылшаруашылық техникалын жөндеу жөнінде арнайы цехтар ашу.
- Төртінші бағыт бойынша Сырдария өзенінің көне сағасының бойына тоған ашып, балық және құстар өсіруді қолға алу.
Іссапар барысында доктор Тимо Пиирайнен аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау, аудандық кәсіпкерлер, өнеркәсіп және туризм, аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, аудандық ішкі саясат бөлімдерінің басшыларымен кездесіп, Қазалы қаласын дамыту жайын талқылады.
Қазалы қаласын аралап, ондағы жұмыстармен мұқият танысқан доктор Тимо Пиирайнен алдағы шілде айына дейін қаланың стратегиялық және оперативті жоспарын әзірлейтінін айтты.