1905 жылдың қаңтарының аязды күні. Қаһарына мініп, шығыстан соққан боранды жел бет қаратпайды. Үстінде жыртық сары тоны бар, аяғына киген «көлбақа тамақты» көн етігін қонышынан басқан сары бала жолда бірденеден қалғандай асығыс келеді. Қарсы алдынан бетіне соққан ызғарлы жел оның ашық тонынан өтіп, тұла бойын түгелдей жаулап алып, денесін суықтайды. Баланың үстіндегі қиюы қашқан сары тонның етегі желден шалқайып, «қанатын қаққан қара құстай» қалбалақтайды. жүріп келеді, сөйлеп келеді. – Иә, құрысын, бәрі де құрысын шы. Ғаріпшілдіктің де көрген күні құрысын, анаңнан тумай жатып көрген азапшылық-ай ,– деді де жол үстінде бойы өзіндей боп өсіп тұрған қарауыл жыңғылдың ығына бір иықтай аяғын бүге қисая кетті. Жолға шыққанына біршама уақыт өтсе де оның Нәмекейге деген ашуы әлі басылар емес. Қайтсін байдың көрсеткен азары ішін өртеп барады. Иә, Нәмекейдің оған көрсеткен қорлығы жан дүниесін жиіркендіріп те жіберді. Өртенбегенде ше! Қанша жылдан бері сол мешкейдің есігінде жүріп, адал да қылаусыз еткен еңбегіне ең болмаса да қотыр тоқты да қимады ғой пәтшағар. Ал, оның былшық көзді бәйбішесі ше, туф, ойпырмай-ай, айтпағаны, жоқ қой сол сары қатынның. Ал, қожайын болса, оның ар жағында... Оңбаған сол сары қатынның боққа былыққан ащы тілінен шыққан сөзіне еріп, қақаған қыстың ортасында күн-түн демей адал қызмет істеп, алғыстың орнына қарғыс алдым. Тіпті, есігінің алдында жатқан анау сабалақ иті құрлы көрмей қуып шықты емес пе. Ой, антұрған неме...
Бұл – жапан далада қожасына ренжіп, ішін ашу-ыза кернеп, туған ауылына қайтып келе жатқан баланың сөзі. Ол ызаға толы кеудесін кере көтеріп, басын олай-бұлай шұлғып, бір сәтке ойланып қалды. Қапалы жастың ойын әлденелер мазалайды. Бірақ, бұл бейбақтың жәрдемшісі, тіпті жанында сырын айтар ешкімі де жоқ. Алды-артынан ұйытқи соққан ызғарлы да аязды жел оның қиялын жетелеп, ашынған жүректі алысқа алып кете барады.
Әбден ашынған оның ойына қайдан келе қалғаны:
...Қайырып арқар сақтар таудың тасын,
Кім көреді қайырсыз байдың қасын, – деген өлең жолдарын төгіп-төгіп жіберді.
Туһ, бәтшағар, месті қайта-қайта шайқап тұрып оның тығынын ашып жібергенде ауызынан шашырай шапшып шыққан ашыған қымыздай осы бір шумақ Омардың бойын әдәуір жеңілдетіп жіберді. Өлеңіне риза болды ма, күлімсірей орнынан тұрды да ілгері, ауылына қарай жүре берді...
Иә, бұл бала Қазалы қаласындағы атақты Нәмекей Булташев деген саудагерде 4 жыл жұмысқа жалданып, сол жылдарда еткен еңбегінің ақысын ала алмай еліне қайтып келе жатқан Шораяқтың Омары еді. Міне, сол бала өсе келе Сыр бойында ілгергі ақын-жырауларға көз тастап, олардың ізін қуған, көркем сөз зергері, қалың жұрттың қадірлісі болған дүлдүл ақын атанды.
Расында да, Омардың жастық өмірі жоқшылық пен азапшылықпен байланысты өтті. Оның осындай ерекше дарын болып қалыптасуына осы екі нәрсе себепші болды. Сондықтан ақынның ұшқыр қиялынан шыққан әрбір кесек тұлғалы жырлар мен дастандар, мысал өлеңдер мен өзінен кейінгілерге арнаған өсиеттері негізінен еңбекшілдікке, адамгершілікке, Отанға, туған жерге, адамзат баласына деген сүйіспеншілікке, талапшылдық пен тапқырлыққа арналады. Омар көп ілім алмаған. Ол тек ауыл молдасы Алдашбай ахуннан діни сауат ашты. Оның ұстазы, яғни ұялы сұңқардай Сыр бойындағы дарынды да, бірінен-бірі өткен жыр дүлдүлдері Ешнияз сал, Нұрымбетсары Шегебай, Балқы Базар, Кете Жүсіп, Дүр Оңғар, қарасақал Ерімбет және басқалар болды. Омар өлең-жыр жазуды он алты жасында бастады, ал жасы жиырмадан асқанда төселген ақындар дәрежесіне көтерілді.
Ей, Құлын, қоздырмашы делебемді,
Одан да жаза берсей көнегеңді.
Кім білер қайымыңа алда, арба,
Надан көп сенің ұстар өнегеңді.
Жолама есің болса маған жақын,
Қайта сал қынабыңа «селебеңді».
Үйіңді нағыз ақтан жаппасамда,
Жағалай жаңғыртармын дөдегеңді.
Бұл – ақынның 1918 жылы ауыл тұрғындарына өзінің тәртіпсіз мінезімен танылған Құлын деген ауылнайға жазған өлеңі. Ақын азғана сүрген өмірінде жиырмаға жуық дастан мен мысалдар, екі жүз елуден астам өсиет, лирикалық толғау мен жұмбақ өлең, жыр-терме жазды.
Омар Шораяқұлының қандай да болмасын шығармалары халық ақындары мен жырау-жыршылары арқылы Сыр бойы жұртшылығына лезде тарап, тыңдаушылары арасында жоғары бағасын алды. Оның дуалы ауызынан шыққан әрбір сөзі халық арасында құнды болып қалды.
Кетеде Шораяқтың Омары өтті,
Өлгенше өлең сөзді жоғары етті.
Даңмұрын, Ешнияз бен Оңғар жырау,
Тұрымбет бес Бозғұлдан бұларда өтті, – деп Сыр сүлейі Қуаныш Баймағамбетов жырлағандай, Омар Шораяқұлының өмір жолына зер салар болсақ, шайыр атамыз сол заманда Сыр еліне ата-бабасы азан шақырып қойған Балжан емес, халық арасында әділдігімен, еңбекқорлығымен, ағайыншылығымен танымал болған Шораяқ бидің екінші әйелінен ұлдарының үлкені. Ол жоғарыда айтып өткендей, он алты жасынан өлең жазып, кейін келе сүлейлер қатарынан орын алды. Омар ақынның ұстаздарының бірі – Шегебай Бектасұлы. Міне, Омар сол Шегебай ұстазымен елді аралап жүріп, халықпен етене араласты, ақын-жыраулардың өнеріне құлақ түріп өсті. Кейіннен өзі де соларға еліктеп, жыр-терме, өлең-толғаулар мен дастандардан басқа, көптеген мысалдар жазды. Тіпті, айтыс шебері атанды.
Омар Шораяқұлы туған халқына, оның ішінде өзі шыққан кедей табына жақын болды. Төменгі тап өкілдеріне киянат көрсеткен байлардың озбырлық әрекеттерін өлеңдері арқылы әшкерелеп отырды. Халықты ағайыншылыққа, бір-бірінің еңбегін бағалауға шақырды. Оған ақынның 1924 жылы өмірден озар алдында жазған:
Қайратты туған ер болсаң,
Қамын ойла халқыңның.
Жетім менен жесірге,
Өзі бол жүзі жарқынның.
Ғаріптерді топама,
Толуын біліп алқымның.
Көжеңді көптен ірікпесең,
Күшейер көркі әлпіңнің.
Уағдаңды екі етпе,
Әліне қарап әркімнің, – деген өлеңі мысал.
Омар ақын Шығыс ғұламалары мен Еуропа, сонымен бірге қазақ ақындарының, әсіресе Абайдың, Шәкәрімнің өлеңдерін халық арасында кеңінен жарнамалады. Ақын 1922 жылы Абайға арнаған «Абайды оқығанда» өлеңінде:
Абайдың оқығанмын өлең-сөзін,
Сол кезде пайда болған маған сезім,
«Іші алтын, сырты күміс» сөз жақсысын,
О, дарих! Ескермепті албырт кезім...
Ақынның қасіретіне ортақ болып,
Етер ме қайғысына қатаң төзім.
Не пайда, мезгілінен кейін қалып,
Арманда – көрмедім,– деп екі көзім.
Қазақта ондай ақын қайдан болсын,
Ақылдың аңдалап білер алтын-жезін.
Қалайда содан тәлім алам ба деп,
Тежеймін ертелі-кеш өзімді-өзім,–дейді.
1917 жылы Николай ІІ патшаны тақтан түсіріліп, Ленин бастаған революционерлер тек Ресейде ғана емес, Орта Азия елдерінде, оның ішінде қазақ жеріне де билігін жүргізе бастады. Олар елді байлардан тазартып, кедейлерді жаңаша өмір сүруге бейімдеді.
Міне, осыған дейін жоқшылық пен кедейшіліктің кермек дәмін татып өскен Омар ақын да жаңа үкіметке қызметке қабылданды. Ол 4 жылдай большевиктер үкіметіне қызмет етті. Алғашқыда облыстық кеңес атқару комитетінде төраға, содан кейін сотта судья болып қызмет істеді. Алайда, ақынның ел мүддесіне арнаған өмірі ұзаққа бармады. Бала кезінен бойына кенедей жабысқан науқасы оны әрі қарай жұмыс істеуге мұрсат бермеді. Ауруы дендеп, оның еңбек етуіне кедергі келтіре берді. Бірақ, оған дес бермей, Сыр сүлейлерімен бірге елді аралап, туған халқының мұң-мұқтажын билікке жеткізіп отырды. Жыр-термелермен сусындатты. «Қара шекпен», «Тау елі», «Жарлы тәліп» және «Кедей» атты дастандары халық жүрегінен лайықты орын алды.
Әсіресе, өзінен кейінгі інілеріне, оның ішінде «Сырда туған Абайдай» деп ақындар үкілеп ат қойған Тұрмағамбет шайырға 1923 жылы жазған «Ақын Тұрмағамбет ініме» атаулы өлеңіндегі:
...Қайғысын бұл дүниенің қабат ойлап,
Қайтеді ақылыңды екі бөлсең.
Еңбектің іске аспағы екі талай,
Табандап тас көшеде аттай желсең.
Ей, інім! Ақылын ағла, аңдауымда,
Тұрақсыз туысыңа жүрген дөңсең.
Әр түрлі хикая мен дастан жазып,
Болмай ма қатарыңды жалпы жеңсең.
Атыңды алты Алашқа мәшһүр етіп,
Журналға сөз беруге енді белсен.
Сөзіңді шайырлармен салыстырып,
Алдыңа жан салғызбай озып келсең.
Өлсең де кейінгі ұрпақ сені іздеп,
Жылар ед «О, дарих!» деп кемсең-кесең, – деген өсиеттер әлі күнге дейін халық жүрегінде.
Міне, туған халқының азаттығы мен болашағы үшін саналы өмірін арнаған Дүр Омар Шораяқұлы 1924 жылдың 14 маусымында өмірден озды. Халқымызда «Өткір пышақ қында жатпайды» деген ұғымы бар емес пе?!
Сымбатты сұлу Сырдың сүлейлері арасында шоқтығы биік Дүр Омар Шораяқұлы өмірден өтсе де, оның ісін жалғастырушы ізбасарлары, ұрпақтары бүгінде ақынның шығармаларын халыққа насихаттауда.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ.