Қызылордада өңірлік Кәсіпкерлік палатасы білім ордаларында «Кәсіпкерлік негіздері» пәнін толықтай енгізу бағытында жұмыс жүргізуде. Бұл ретте Кәсіпкерлер палатасы облыстық білім басқармасы және «Жастар жетістіктер» қоғамдық қорымен бірге мектеп оқушыларын кәсіпкерлікке баулу жобасын іске асыруда. Жобаның 1 кезеңінде өткен оқу жылында Қызылорда қаласындағы №9 мектеп-гимназиясында 5-10 сынып оқушыларына арналған «Кәсіпкерлік негіздері» факультативтік пәні енгізілді.
Жобаның 2 кезеңі облыстың 40 мұғалімінің «Кәсіпкерлік негіздері» курсы бойынша біліктіліктерін көтеріп, «Арай-Sunrise» лагерінде ұйымдастырылған «Табыс жолы» атты I жастар фестивалімен жалғасты.
Фестивальдың мақсаты: аймақтағы мектеп оқушылары мен колледж студентерінен құралған компаниялар арасында үздік бизнес-жоспарды анықтап, жастардың бизнес-идеяларын қолдау.
Айта кету керек, біліктілігін арттырған ұстаздар өз мектептерінде мектеп «компанияларын» ашып, оқушыларды кәсіпкерліктің қыр-сырына үйретуде.
Облыстың 23 мектеп компаниясы қатысқан фестивальға «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ мен «Раим» ЖШС-і демеушілік жасады.
Байқау нәтижесі бойынша жарыс жеңімпаздары болып: І орынға Қызылорда қаласының №9 гимназияның «Атамекен» мектеп компаниясы, ІІ орынға Жалағаш ауданы № 123 мектептің «Бірлік» мектеп компаниясы, ІІІ орынға Қызылорда қаласы № 173 орта мектептің «Әдемі-Ай» мектеп компаниясы, IV орынға М.Мәметова атындағы Қызылорда гуманитарлық колледжінің «Алтын қол» компаниясы ие болды.
Жеңімпаздар дипломдармен, қаржылай сыйлықтармен, арнайы сертификаттармен марапатталды.
«Осындай шаралардың арқасында оқушылар бизнесті жүргізудің негізгі қағидаларымен, маркетингтік зерттеу жүргізу, бюджетті жоспарлау сынды маңызды қадамдардың алғышарттарымен танысты. Кәсіпкерлер палатасының атынан жеңімпаздарға «Шағын бизнеске арналған 100 жоба», Бодо Шефердің «Қаржылық тәуелсіздікке жол» атты кітаптар мен қаржылай сыйлықтар табыс етілді. Алдағы уақытта аймақтың барлық мектептерінде «Кәсіпкерлік негіздері» пәнін енгізу жоспарлануда», - Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасының Адами капиталды және әлеуметтік серіктестікті дамыту бөлімінің басшысы Жанна Сқакова.