"Қызыл ай" қоғамының Қызылорда Облыстық филиалы гуманитарлық салада белсенді жәрдемдесетін бірден бір қоғамдық мекеме. Мәселен, өткен жылы денсаулық жағдайымен тіркеуде тұрған азаматтарға медициналық заттармен 1 млн теңге көлемінде көмек көрсеттіліп, әлеуметтік тұрмысы төмен 100 отбасына азық-түлік себеттері таратылды.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде бүкіләлемдік гуманитарлық күніне орай өткен арнайы брифингте ҚР "Қызыл ай" қоғамының облыстық филиалының өкілі Әділбек Тәңірбергенұлы ұйымның атқарып жатқан жұмыстары туралы баяндап берді.
Былтырғы жылы "Қызыл ай" қоғамы асыраушысынан айрылған 71 бүлдіршінге киім-кешек үлестіріп, 100 ден астам балаға оқу кұралдарына арналған сертификаттар берген. Сондай-ақ, елімізде орын алған пандемияға байланысты аймағымыздағы Ұлттық экспертиза орталығына «COVID 19» тестілеуге арналған 15 дана реагенті және 8000 дана тампон зонд беріліп, 8 тыныс алу аппараттары жөнелтілді. Сонымен қатар, «Beiersdorf» ЖШС-нің қолдауымен облыстың алты медициналық ұйым персоналына карантин кезінде 1200 дана «NIVEA» кремі тегін таратылды.
«ҚР "Қызыл Ай" Қоғамы 2005 жылдан бастап Біріккен Араб Әмірліктерінің Қызыл Жарты Айымен бірлесіп Қазақстандағы жетім балаларды қаржылай қолдаудың арнайы бағдарламасын жүзеге асырып келеді. Бүгінгі күні ел бойынша 3 мыңнан, ал Қызылорда облысы бойынша 300-ден астам бала арнайы жәрдемақыны алуда. Сол сияқты ҚР «Қызыл Ай» Қоғамы бірқатар ірі Халықаралық және Отандық компаниялармен бірлесе жұмыс жүргізіп, көмекке мұқтаж адамдардың өміріне оң әсер етудің үлгісі болып келеді. Мысалы, Nestle, METRO компанияларының қолдауымен жалғызбасты зейнеткерлерге, көп балалы отбасыларға, мүгедектерге, жалғызбасты аналарға және басқа да осал топтарға азық-түлікпен, Procter & Gamble және LC Waikiki-мен бірге қажетті тауарлармен, киім-кешекпен көмек көрсетті. Аталған көмекті Қызылорда облысының тұрғындары да алды. Сонымен қатар, жақында өткен Құрбан айт мерекесіне орайластырып 4 ірі қара мен 1 уақ мал құрбандыққа шалынып, тұрмысы төмен отбасыларына таратылды» - деді Әділбек Тәңірбергенұлы.