Бұл туралы Қызылорда облысы әкімінің Арал ауданына сапары барысында айтылды.
Айта кетейік, өткен жылы Қамбаш көлінде Арал өңірі балықшыларының І слеті өткен болатын. Биыл ол республикалық деңгейде өткізілмек.
Екі күнге жоспарланып отырған слетке республиканың түкпір-түкпірінен ата кәсіпті тіршілігінің өзегіне айналдырып отырған балықшылар қатысады деп күтілуде. Ауқымды шарада шаруалар өзара тәжірибе алмасып, арнайы ұйымдастырылатын көрмеде өздерінің талай жылғы еңбектерін таныстыруға мүмкіндік алады.
Камбаш көлінің үстінде театрландырылған көрініс арқылы балықшылардың ерен еңбектері көрсетіледі. Сондай-ақ, слет аясында көлдің жағасында «Аралдың табанынан су кеткенімен, Халқының жүрегінен жыр кеткен жоқ!» деп жырлаған Бекұзақ Тәңірбегеновтің құрметіне арналған облыстық жыршылар фестивалі өтпек.
- Бұл балықшылар слеті еңбек адамдарына деген қолдау. Олардың жаздың ыстығына, қыстың суығына қарамастан жасап жүрген жұмыстарын дәріптеу. Бекұзақ теңіз тартылған тұста бір сөзімен халықты жұбатқан адам. Сондықтан жыршылар фестивалін жоғары деңгейде өткізуіміз қажет», - деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.
Сондай-ақ, аймақ басшысы Қ.Көшербаев Сыр өңіріне арнайы келген Қазақстан халық әртісі Досқан Жолжақсыновқа Арал балық өңдеу зауытының жұмысын таныстырды. Зауыттың шикізат қабылдайтын аумағында балық қабыршағын тазалау, балықтың жон етін кесу, жон етті тоңазытқышқа салу, дайын өнімді қабылдау, қораптарға салу процесімен, сондай-ақ балық өнімдерінің түрлерін көрді.
Балық өңдейтін бұл зауыт облыстағы ең ірісі. Жылына 6 мың тонна балық өңдеуге қауқарлы. Аталған зауыттың 51 пайызы жеке кәсіпкер А.Ерхатовтың, ал 49 пайызы «Байқоңыр» ӘКК Ақ үлесінде. Мұнда қазір 65 адам жұмыс істейді. Жыл басынан бері 150 тонна балық ауланып, оның 125 тоннасын өңдеді.