Қазалы ауданының тұрғыны Несібелі Бақытқызы да көптен бері өз ісін ашуды ойлап жүрген болатын. Осы тілеуін жуырда белгіленген бағдарламаның шапағатымен жүзеге асырды.
Қазір Батыр ана мемлекеттің қолдауымен алған 17 бас тоқтыны бағып, мал басын көбейтуді мақсат етуде. Кәсіпкер әйел “Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың “Еңбек” мемлекеттік бағдарламасы арқылы жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету және табысын арттыру үшін көпбалалы ауылдықтарға жаңа бизнес-идеяларға бөлінетін қайтарымсыз 505 мың теңге мемлекеттік гранттын ұтып алды. Бүгінде оның қуанышында шек жоқ.
– 505 мың теңге ауқымды жобаларды алып кету үшін бастапқы көмек. Мұндай қаражат шағын кәсіп бастауға едәуір жеңілдік болмақ. Ол үшін артылған үміт пен алынған жауапкершілікті орындау керек. Көп жағдайда кәсіпкерлер кәсібін алып кете алмайды. Мемлекеттік бағдарламаның арқасында іс бастағысы келгендер ірі кәсіп иелерінен сабақ алып, бизнес жолындағы бағыттан кеңес ала алады. Бұл бизнес жоспары дайын, тек қаржы қолбайлау болып отырғандар үшін керемет мүмкіндік, – дейді кәсіпкер ана.
Айта кету керек, қазалылықтардың жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік грант ұтып алуына мүмкіндік жасалған. Бір реттік қайтарымсыз грант бойынша жұмыссыз көп балалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен жастарға 505 мың теңге ұсынылады. Ал кәмелет жасқа толған және зейнеткерлікке дейінгі жұмыссыз азаматтарға 252 мың 500 теңге қаражат беріледі.