Жол қозғалысы ережесін бұзған 2809 жаяу жүргінші жауапқа тартылды
Қызылордада жыл басынан бері жол қозғалысы ережесін бұзған 2809 жаяу жүргінші жауапқа тартылды.
Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, жол-көлік оқиғаларын болдырмау мақсатында Қызылорда қалалық полиция басқармасының патрульдік полиция қызметкерлері күнделікті күшейтілген тәртіпте қызмет атқаруда. Қала аумағында азаматтардың арнайы жаяу жүргіншілер жолағынан емес, жолдың кез келген бөлігінен кесіп өтіп, апат тудыруға себепкер болуы мүмкін жайттар аз емес.
Жедел басқару орталығының бейнекамералары арқылы және патрульдік полиция қызметкерлері жыл басынан бері жаяу жүргіншілердің жол қозғалысы ережелерін бұзған 2809 азаматты анықтап, тиісінше заңға сәйкес әкімшілік хаттама толтырды. Аталған жаяу жүргіншілер Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 615-бабымен жауапкершілікке тартылды.
Айта кетейік, заңнамаға сәйкес бұл құқықбұзушылық үшін 2 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Осы ретте, тәртіп сақшылары жаяу жүргіншілер мен көлік тізгіндеген жүргізушілерге жол үстінде өз өмірін қатерге тікпеуге және тиісті ережелер мен сақтық шараларын қатаң ұстануға кеңес береді.