Облыс әкімі Қ.Ысқақов Арал ауданының шалғай орналасқан ауылдық округтер мен елді мекендердің жағдайымен танысып, халықтың өтініш-тілектерін тыңдау мақсатында екі күн жұмыс сапарымен болды. Кездесуде ауыл тұрғындары жол, ұялы байланыс желісін орнату, ғимараты ескірген балабақшалар мен ауылдық клуб үйлерін жаңарту және кейбір елдімекендерде аяқ су проблемасын шешу сияқты мәселелерін көтерді.
Арықбалық ауылдық округі бойынша соңғы бес жылда кәсіпкерлік мақсатта 100 миллион теңгеге жуық несие алып, жұмыссыздық санын азайтқан. Былтырғы жылдың өзінде ауыл шаруашылығы және басқа бизнес саласы бойынша 40 миллион теңгеге дейін несие рәсімделген.
Ал, облыс басшысымен болған кездесуде Бекарыстан би ауылының тұрғындары да сервистік желі жүргізу жөнінде мәселе көтерді. Сондай-ақ, ауылға типтік жобадағы спорт кешені салынса деген өтініштерін жеткізді. Өз кезегінде Қуанышбек Ысқақов ауыл тұрғындарының көтерген мәселелері назардан тыс қалмайтынын жеткізіп, осы жылы Бекарыстан би ауылында мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізде спорт кешенін салу үшін кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізілетінін атап өтті.
"Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында аймақта көптеген нысандар салынуда. Бұл халыққа да, кәсіпкерге де, мемлекетке де пайдалы жоба. Егер ондай ынталы кәсіпкер азаматтар болса, біз қолдауға әзірміз. Ал «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы негізінде республикалық қаржы арқылы осы жылы әр тұрғын үйге су жүйесі тартылады. Мәселе шешілетін болады", – деді аймақ басшысы.
Облыс әкімі әр кездесуде тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін мұқият тыңдап, тиісті атқарушы орган жетекшілеріне нақты тапсырма беріп отырды. Бекарыстан би ауылымен көршілес жатқан Арал ауданына қатысты Жаңақұрылыс ауылындағы көптің көкейіндегі мәселенің бірі – дария арнасынан көлге тартылған тоспалардың (шлюз) іске жарамсыздығы. Бұған аймақ басшысы арнайы назар аударатынын, тиісті орындарға тапсырма беретінін айтты.
Арал халқы көтерген өзекті мәселелер – Аманөткел ауылы тұсында орналасқан қалқымалы көпірді жаңарту мен Қарашалаң елді мекенінің жол мәселесі. Қуанышбек Ысқақов қалқымалы көпірге қатысты қаржы қаралып, тиісті жұмыстар атқарылатынын айтты.
"Бұл елге қажет көпір. Ауылдар ара қатынасында, аудан орталығына баруда осы өткелдегі қалқымалы көпірдің маңызы ерекше. Тиісті қаражатты биылдан қалдырмай, көпірді түгелдей жаңартуымыз керек. Мен тиісті орындарға тапсырма беремін. Оң шешім болады",- деді аймақ басшысы аманөткелдік тұрғындармен кездесуінде.
Сондай-ақ, облыс әкімі Ақеспе, Мергенсай, Жақсықылыш, Тоқабай, Сазды және Қосаман сияқты елді мекендерде болып, ауыл тұрғындарының мәселелерін тыңдап, жауапты басшыларға тапсырма берді.
Мергенсай ауылдық огругіне қарасты Жалаңаш елді мекенінде болған облыс басшысы тұрғындармен жүздесіп, пікір алмасты. Аудан орталығынан 60 шақырымнан ары жатқан ауыл тұрғындарының басты тіршілігі – балық шаруашылығы.
Жалаңаштағы кездесуде тұрғындар елде науқастарға көмек көрсететін жедел жәрдем көлігі жоқтығын айтып, облыс басшысына өтініштерін білдірді. Аталған мәселе бойынша, биылдан қалдырмай, ауылдық округке жаңа медициналық қызмет көрсететін жедел жәрдем машинасы берілетін болады.
Әкім сапары Жақсықылыш кентінде жалғасты. Қазақстаннан бөлек, сырт елдерге тұз өнімін экспорттайтын шағын қалашыққа биыл газ құбыры тартылады. Облыс әкімі осы жағымды жаңалықты кент тұрғындарымен бөлісті.
"Газ мәселесі жақын арада шешіледі. Биылға 160 миллиондай теңге қаралса, жалпы кентішілік газ құбырларын жүргізуге 670 миллионнан астам қомақты қаржы республикалық және облыстық бюджеттен қарастырылған. Күн жылына салысымен осы уақытқа дейін жүргізіліп келген құрылыс жұмыстары дереу жалғасын табады. Бұл атқарылып жатқан игілікті істің бәрі ел Тәуелсіздігінің жемісі екенін өздеріңіз де білесіздер. Сондай-ақ, тұз өндіруде, оның сапасы жағынан біздің Аралдың өнімі дүниежүзі бойынша алдыңғы қатарда тұр. Сондай-ақ кент ішіндегі жолдарға құжаттар әзірленген, биыл «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы аясында тиісті салалық министрлікке жоба да ұсынылды. Енді сол қажетті қаржыны тезірек шешуді жауапты басқарма басшылығына арнайы тапсырамын", – деді аймақ басшысы тұрғындармен кездесуде.
Тағы бір жаңалық, Тоқабай ауылына кіре беріс 2 шақырымнан ары жолды орташа жөндеуге республикалық бюджеттен 42,7 млн, ал облыстан 5 млн теңге қаржы бөлініп, аталмыш жол биыл жөнделетін болды. Аймақ басшысы жауапты басқармаға жұмыстың сапалы және уақытылы жүргізілуін тапсырып, өзінің бақылауында болатынын айтты.
Тоқабайдан соң аймақ басшысы Қарақұм ауылында болды. Екі жарым мыңға жуық халық тұратын елді мекен жанынан теміржол торабы тартылғалы тіршілік тынысы ашыла түскен. Сондай-ақ, шағын кәсіппен айналысуға жергілікті халық ден қойған. Ауыл әкімдігінің арнайы ғимарат бөлуінің арқасында Қарақұмда сұлулық салоны, шағын тігін цехы, дүкендер бір жерге топтастырылған.
"Өзім 340 мың теңге қайтарымсыз грант ұтып, екі тігін машинасын сатып алдым. Бір тұрғынды жұмыспен қамтып отырмын. Істеймін деген адамға ауылда да жұмыс жетеді. Мектеп формалары, тұрлі шараларға киімдер, елдегі болатын тойға қыз жасауы мен төсек-жабдықтар дайындаймыз. Тапсырыстар жетерлік", – дейді тігін цехын ашқан қарақұмдық Алтын Жалғасбаева.
Мұнан соң Қуанышбек Ысқақов Сазды ауылында болып, жергілікті халықпен жүздесті. Ауыл тұрғыны, ел ақсақалы Зәкір Кеншімбаевтың үйінде болып, қарияға сәлем берді. Бұдан бөлек, Қосаман мен Ақеспе ауылдарына да барып, жұртшылықты толғандырған мәселелерді талқылады. Қосамандықтар ауылға жедел жәрдем көлігі қажеттігін алға тартса, Ақеспенің тұрғындары көне елдімекендегі ауылдық клуб пен медициналық бекетті жаңа Ақеспе елдімекеніне көшіру жайлы ойларын айтты. Бұл мәселелер бойынша облыс басшысы тапсырма беріп, аудандық әкімшілік тиісті көмекті уақытылы көрсететін болады.
Айта кету керек, ертең аймақ басшысының сапары Қазалы ауданының елдімекендерінде жалғасады.