Facebook VK WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Абай-175: Сыр бүлдіршіндері халықаралық өнер фестивалінде жеңімпаз атанды


Қызылорда қаласындағы «Сыр еркесі» балабақшасының кішкентай бүлдіршіндері Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойының құрметіне орай өткізілген «Үкілі үміт» атты халықаралық өнер фестивалінде Гран-При иеленді.«Бейбітшілік әлемі» халықаралық қазақ творчестволық бірлестігі ұйымдастырған халықаралық байқауда аталған балабақшаның 4-5 жас аралығындағы бүлдіршіндерінен құралған хор тобы ұлы ақын Абай Құнанбайұлының «Желсіз түнде жарық ай» әнін орындап, жеңіс тұғырынан көрінді.
12 бүлдіршіннен құралған хор тобын аталған халықаралық байқауға балабақшаның музыка жетекшілері Қазбек және Әділет Әбіләкімдер дайындап, Сыр елінің абыройын аспандатуға үлкен еңбек сіңірген.
– Бұл байқауға бізді Қазбек және Әділет ағайлар дайындады. Үйде Бота әжем күнде қайталатып, Абай атаның әнін тез жаттауыма көмектесті. Біз достарымызбен осы әнді айтып, жеңімпаз атанғанда қатты қуандық. Бізге балабақшадағы ағай-апайларымыз қатты риза болды, – дейді осы хорда өнер көрсеткен 5 жасар Расул Шынтеміров.
Жалпы, бұл аталған балабақшадағы хор тобының алғашқы жеңістері емес. Қызылордалық бүлдіршіндер бұған дейін де көптеген республикалық, халықаралық байқаулардың жеңімпазы атанған. Мысалы, өткен жылы Алматы қаласында бүлдіршіндер арасында өткен хор байқауында Бас жүлде иеленіп, Грузияның Батуми қаласында өтетін халықаралық байқауға жолдама алған.
Айта кетейік, бүгінде Раушан Ысқақова жетекшілік ететін «Сыр еркесі» балабақшасы қалада 7 жылдан бері жұмыс жасайды. Осы уақыттың ішінде бірлігі жарасқан ұжымның тәрбиеленушілері Қызылорда облысының атын халықаралық байқауларда талай рет биіктен көрсеткен.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: