Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Сауранбай болыс тұтынған кебеже

Қазақ халқының тағдыры мен тарихында киелі Сыр елінің алар орны ерекше. Сырдың елі – қазақтың қара шаңырағы. Оның тарихы мен шежіресі – халықтың баға жетпес асыл мұрасы, алтын қазынасы. Елбасы «Сыр – Алаштың анасы» деген болатын. Мұның өзі ғасырдан ғасырға жалғасқан уақыт керуенінде Сырдың орны айрықша екенін меңзейді. Қазақ халқы талай қиын кезеңдерді басынан өткерді. 

Іргелі ел болу жолында өзінің тұтастығын, болашаққа деген үкілі үміті мен сенімін бойтұмардай қастерледі. Ел азаттығы жолында мың өліп, мың тірілген небір ауызы дуалы шешендер, ел қорғаған батыр бабалар, ел басқарған болыс-билер болды. Солардың бірі – қиын сәтте жол таба білген, тапқырлығымен, айла-ақылымен, сұс-айбарымен танылған Сауранбай болыс.
Сауранбай Құлманұлы – 1847-1919 жыл аралығында өмір сүрген би, болыс. Бұрынғы Перовск уезіне қарасты Қараөзек болыстығында (қазіргі Қызылорда облысы) дүниеге келген. Жас кезінде Аббас бидің қарамағында көмекшісі болған. Өз заманының әділ биі, от ауызды, орақ тілді Аббас бидің тәлім тәрбиесін көрген.  Сауранбай би ел арасындағы дауларды шешу кезінде билік айтып, өткір тілімен, біліктілігімен көзге түскен. Ел ішіндегі әртүрлі билік, әкімшілік жұмыстарына белсене араласқан. Перовск уезіне қарасты Қараөзек болысының болысы болып 30 жылдай ел басқарған.
1901 жылы 22 наурызда күміс медальмен және Станиславский лентасымен марапатталған. 1902 жылы Орынбор-Ташкент темір жолының өту бағытын әзірлеуге атсалысып, құрылысына көмек көрсеткен. 1870 жылы Сауранбай Құлманұлының бастамасымен канал қазылған. 1903-1904 жылдары Қызылорда қаласынан 15 шақырым төменде «Өгіз кеткен» деген жерде басшылармен келіссөз жүргізген. «Сауранбай каналы» үстінен барлық шығынын өзі көтеріп, теміржол көпірін салдырған. Міне, содан бері Қараөзектегі көпір «Сауранбай көпірі», қаздырған канал «Сауранбай каналы» деп аталып кеткен.
Бүгінде Сырдария аудандық тарихи-өлкетану музейі қорында Сауранбай болыстың отбасы тұтынған асыл мұра бар. Ағаштан ойылып жасалған кебеже, бір қойдың еті түгелімен кететін ағаш астау және сырлыаяғы сақталған.
Кебеже – азық-түлік сақтауға арналған үй жиһаздарының бірі. Кебеже Қазақстанның барлық аймақтарында кездеседі. Олардың жасалу тәсілі, сыртқы пішіні көп жерлерде ұқсас болып келеді. Кебежелердің бір-бірінен айырмашылығы олардың алдыңғы бетін көркемдеу тәсілінен байқалады. Кебеже  әдетте, абажа, абдыра, сандық аталатын мүліктерден кішілеу болады және ол төрге қойылмайды, қазанаяқ жақта тұрады.
Музей қорындағы Сауранбай болыстың отбасы тұтынған кебеженің өлшемі: ұзындығы – 70 см, ені – 41,5 см, биіктігі – 50 см. Кебеже бетіне және жақтау қазықтарына ұлттық ою салынған. Жақтау қазықтары дегеніміз төрт бұрышында тігінен орнатылған төрт қырлы ағаш. Оған кебеженің алдыңғы және артқы бетіндегі, екі жанындағы тақтайлар бекітіледі. Астына қойылатын тақтайлар төрт қабырға жасап тұрған тақтайлардың астыңғы шетіне таман ырылып, саңылау болмайтындай жымдасып тұрады. Кебеженің үстіне ашылып-жабылатын топсалы қақпақ жасалған. Жақтау қазықтар қабырғаларынан ұзынырақ болып, төменгі және жоғарғы жағынан асып тұрады. Мұның өзі кебежені басқа жиһаздардан ерекшелеп тұрады, әрі өзіндік сән береді. Алдыңғы екі жақтау қазықтарын (аяғынан басына дейінгі бөлігін) кебеженің босағасы, босаға қазық дейді. Қазықтардың астыңғы ұзындау бөлігін кебеженің аяғы дейді. Үстіңгі, қақпақтан асып тұратын бөлігін қазық басы деп атайды. Кебеженің аяғы ұзын болғандықтан, астына жүкаяқ қоюды қажет етпейді. Қазық басы кебеже аяғының жартысындай болып тұратын мөлшерде жасалады. Қазық басы кертіліп, жұмырлап оймышталған.
Сәнді әрі шағындау кебеженің қазық басын биіктеу етіп жасаудың өзіндік себебі болған. Көш кезінде ұзындау қазық бастарына құс қауырсынын байлап қойған. Кебежеге тағылған мұндай қарқара, үкі көшке сән берумен бірге тосын жағдайдан, көз сұғынан сақтайтын т.б. ырымдық қызмет атқарған.
Бай адамдар кебеженің  бетіндегі оюды бояусыз қалдырмайды. Ою-өрнектер, әдетте, ақ, көк, қызыл, жасыл болады. Ал өрнектің суы (фоны) қоңыр, ашық қоңыр түсті бояулармен боялады. Ою-өрнектің көзге анық көрініп, ерекшеленіп тұруына мән беріледі. Мұндай кебежені бояу, сырына қарай сырлы кебеже деп атайды. Осындай сәнді кебежелерді ауқатты кісілер шексіздіктің белгісін білдіретін шет ою, ағын суды тұспалдайтын ирек, ирексумен әсемдеген. Қошқар­мүйіз, сыңар мүйіз, тышқан із, жү­рек­ше де салған. Өсімдіктер мен олардың бөліктерін тұспалдайтын көгеріс өрнектері мен ұшқан құс т.б. бейнелейтін оюмен де өрнектеген. Сүйек­пен, күміспен әшекейлетіп жа­сат­қан. Кебеженің бетіне, текеметке, сырмаққа салатын оюларды ойып жасайтын шеберлер болған.
Өткен тарихымызды білмей бүгінгі күннің қадіріне жету, болашақты бол­жай білу қиын. Ата-бабамыздан қалған рухани байлықтың қоры ұшан-теңіз. Мұндай ұлттық құдылықтар өміршеңдігін жойған емес. Мәдени мұраны зерттеп, танып білу, бағалау – кейінгі ұрпақтың азаматтық парызы.

Салтанат ҚУАНДЫҚОВА,
Сырдария аудандық тарихи-өлкетану музейінің
ғылыми қызметкері
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: