Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

ДАРЫНДЫ ҰЛАНДАР ОРДАСЫ


Өскелең ұрпақтың тәрбиесі мен дамуына ерекше көңіл бөлу – бүгінгі күннің басты мақсаты. Осы орайда, жас жеткіншектердің интеллектуалды дамып, кәсіби бағдарлануына мектептен тыс білім беру жүйесі мен тәрбиенің тигізер үлесі зор.
Қы­зылорда оқушылар сарайының педагогикалық ұжымы осы орайда балалардың шығармашылық дамуына қызмет етіп келеді. Талай шәкірттің талабын ашып, жетістікке жетуіне себепші болған қосымша білім беру орталығының негізі 1974 жылы қаланған. Мекеме әрбір жас өреннің интеллектуалды дамуына, оның қызығушығы мен дарындылығын ашуда нәтижелі қызмет көрсетіп келеді. Жеткіншектердің дарынын ашып, өмірлік қабілеттілігін дамыту үшін түрлі ізденістерге барып жүрген ұстаздар еңбегі әрдайым ақталып келеді. Оқушылар са­райының үйірме жетекшілері де осы мақсатпен 44 жылдан бері қызмет етуде.
Оқушылар үйін балдырғандар әлемі деп атауға да болады. Бұл шаңыраққа бас сұға қалсаңыз, жанарынан үйренсем-білсем деген жігерлі көзқарасы бар өрендерді көресің. Бүгінде мұнда 4 бағыттағы бөлімдер қызмет етеді. Олар – көркем-шығармашылық, бейіндік оқыту, туризм, спорт, қолданбалы қолөнер.
Балдырғандар әлемінде 55 педагог қызмет етеді. Онда 42 үйірме және мектепалды даярлық топтары бар. Үйірме мүшелерінің жалпы саны – 1300 бала. Жас өрендердің бос уақытын тиімді өткізу үшін түрлі үйірмелермен қамту маңызды. Балалар заман талабына сай шыңдалады. Робототехника мен озық технологияларға машықтанады. Сондықтан көп ата-аналар баласын осында жетектеп келеді. Сол себептен, Оқушылар сарайы шығармашылыққа жақын балалардың сүйікті орнына айналған.
– Қазіргі таңда ата-аналар өз балаларының бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында бірнеше үйірмеге жазып жатады. Әр үйірмеде өрендер өз қабілетін дамытуға және мектепте алған білімін жетілдіруге міндетті. Сондай-ақ, бұл үйірмелер болашақта мамандық таңдауда адаспауға көмектеседі. Сондықтан барлық үйірмелерге қызығушылық жоғары деп айта аламын. Дегенмен, робототехника, вокал, домбыра, хореография, ағылшын тілі, орыс тілі, бейнелеу, қолөнер үйірмелеріне және мектепалды даярлық топтары зор сұранысқа ие, – дейді қалалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы директорының оқу-тәрбие ісінің орынбасары Алтынкүл Төлегенова.
Орталықта патриоттық тәрбие, көркем-эсте­тикалық, мемлекеттік тілді құрметтеу бағытында, са­лауатты өмір салтын қалыптастыру, ғылыми-тех­никалық бағытты дамыту бойынша іс-шаралар өткізіліп тұрады. Қазіргі таңда орталық ұстаздары өңірдегі талапты жастардың қабілетін шыңдау жолында жемісті еңбек етіп келеді. Жеткіншектер түрлі халықаралық және республикалық конкурстарда жүлделі орындардан көрініп жүр.
– Үйірме оқушыларының жетістіктерін мақтанышпен айта аламын. Мәселен, республикалық көрмеге қолданбалы қолөнер бөлімі үйірмелерінің оқушылары қатысты. Нәтижесінде Балнұр Сахиева мен Нұргүл Тайжан алдыңғы орындардан көрінді. Таулы Алтай республикасында өткен тоғызқұмалақтан халықаралық жарыста Асылбек Қаржаубаев І орынды иеленіп, мерейді тасыта түсті. Орталықтың 6 белсенді оқушысы ҚР үздік оқушылары ретінде «Қазақстанның үміт артарлары» атты жинаққа енген. Бұл жетістіктердің барлығы қосымша білім беру педагогтарының тиісті бағыт-бағдар беруі мен тынымсыз ізденістердің нәтижелері деп білген жөн. 2016 жылы биші қыздардан құралған «Балдырған» би тобы да біраз белесті бағындырып үлгерген. Соның дәлелі ретінде, облыстық, республикалық XV «Бозторғай» байқауында бас жүлдемен марапатталғанын атап айтуға болады, – дейді А.Төлегенова.
Сонымен қатар, мұнда биыл алғаш рет жас өрендердің жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру мақсатында маусым айында «Zhazgy Time» шығармашылық-танымдық мектебі жұмыс жасады. Онда робототехника, қолөнер, спорттық туризм, тілдер мектебі, хореография, палитра сынды үйірмелер балалардың қабілеттерін ұштастыра түсті. Өрендерді шығармашылық тұрғыда шыңдап және әрі қарай дамыту мақсатында күнделікті әртүрлі тақырыпта танымдық шаралар ұйымдастырылды.
Оқушылар үйі – жас жеткін­шектер ордасы. Бала психологиясын түсіну кейде педагог мамандардың қолынан келмей жатады. Осы себепті орталық психологы үйірме мүшелерімен қатар қалалық іс-шаралардың кезінде қала мек­тептерінен келген оқушылар және мұғалімдермен үнемі психологиялық тренингтер өткізіп тұрады.
Оқушылар сарайының мақсаты – жасөспірімдердің көзқа­расын кеңейтіп, үйірме мүшелерінің азаматтық, патриоттық сезімін шыңдау, оларды мейірімділікке тәрбиелеп, бала бойындағы рухани құндылықтарды дамыту, азаматтық және көш­басшылық қабілеттерін арттыру. Ерінбей еңбек еткеннің нәтижесінде осы мүддеден шығып келеді. Сол себептен де қаладағы сұранысқа ие оқу ошақтарының біріне айналып отыр.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: