Соңғы уақытта облыс орталығында тұрғын үй құрылысы қарқын алып, жаңа нысандар бірінен соң бірі бой көтеруде.
Мәселен, былтырдың өзінде 189 мың шаршы метрді құрайтын 2684 пәтерлік 53 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілген. Ал биыл 3000-нан аса тұрғын қоныстойын тойлайды деген жоспар бар. Осы мақсатта бүгінде 30 нысанның іргетасы қаланып, қызу жұмыс жүргізілуде. Солардың бірі "Сәулет” шағын ауданынан бой көтеріп жатқан қалашықта құрылыс қарқын алған. Мұнда «Өңірлік дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы» аясында 50 пәтерлік 7 көпқабатты тұрғын үй салынуда. Сметалық құны 2 млрд 940 млн теңге болатын мұндағы жұмыс биыл ақпан айында басталған. "Қызылорда жоба құрылысы” ЖШС негізгі нобайын сызса, "Астана Әсем Құрылыс” ЖШС оны іс жүзінде жүзеге асыруда. Серіктестіктің бас инженері Дүйсен Қорғановтың айтуынша, бүгінде 1000-нан аса адам жұмыспен қамтылған.
– Нысан басындағы жұмысшылар негізінен қызылордалықтар. Құрылысқа қажетті материалдардың 90 пайызын жергілікті жерден алып жатырмыз. Біздің компанияның құрылыс саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Осыған дейін де Арай, Астана шағын аудандарында үй құрылысымен айналыстық. 350 отбасына қуаныш сыйлайтын бұл баспаналар жоспар бойынша биыл қазан айында тапсырылады, – деді Дүйсен Қорғанов.