Қызылордалық жас кәсіпкер Дәулет Ізбасарұлы 2021 жылдан бастап сабын шығаруды қолға алды. Биыл ол «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы грантқа қатысып, 4,5 млн теңге қаржыға ие болған.
Гранттық қаржыға цехты кеңейту және «Ұнтақ өндірісі» (порошок) жобасын жүзеге асырмақ.
– Қазіргі таңда ұнтақ өндіруге мүмкіндік беретін цех құрылысын жүргізудеміз. Алдағы уақытта «Таза ұнтақ» атауымен сатылымға шығармақпыз. Ал, бүгінде табиғи таза, сапасы жоғары сабын өнімдерінің өлшеміне қарай 5 түрін өндірудеміз. Цехта 20-дан астам адам еңбек етеді,- деп жас кәсіпкер кәсібін кеңейту бағытындағы жоспарымен бөлісті.
Қазір шағын цех бір күнде орта есеппен 1500 дана сабын шығарады. Облыс тұрғындарының сұранысын қамтамасыз етіп отырған өнімдер Астана, Ақтөбе өңірлеріне де тасымалданады.