Қызылорда қаласында 11 айда алаяқтық 806 қылмыс тіркелген
Статистикалық мәліметке қарайтын болсақ, алаяқтық қылмысы өткен 2013 жылдың 11 айымен салыстырғанда 2014 жылы 8,9 пайызға төмендеген, яғни 2013 жылдың 11 айында Қызылорда қаласы бойынша 885 қылмысы тіркелсе, 2014 жылдың 11 айында 806 қылмысты құраған.
Қызылорда ҚІІБ МТжАТ бас маманы Қалдыбек Абдуллаевтың хабарлауынша, Қызылорда қаласының тұрғыны азаматша Алиакбарова Гүлмира өзін Жер комитетінде жұмыс істейтінін және өзінің жеке нотариалды конторасы бар екенін жалған айтып, қала тұрғыны азаматша Ж.Г-мен танысып сеніміне кіреді. Сөйтіп оған СПМК-70 маңында арзан жерді бір айда құжатын турлап беремін деп азаматша Ж.Г-дан 900 мың теңге оның апасынан 950 мың теңгені алып өз пайдасына жаратқаны анықталды.
Дәл осындай тәсілмен азаматша Алиакбарова тағы да Қызылорда қаласының үш азаматшаларын алдап, олардан ірі мөлшерде әр түрлі соммада ақша алып өз пайдасына жаратқаны анықталды. 2009 жылы алаяқтық қылмыс жасағаны үшін 5 жылға сотты болып Алиакбароваға, ҚР ҚК-нің 72-бабының 1 –бөлігін қолданып, баласы он төрт жасқа толғанға дейін 5 жыл мерзімге жазасын өтеуден босатылған. Оның жаза өтеуін кейінге қалдыру мерзімі ішінде мінез құлқын бақылауды Қызылорда қалалық қылмыстық атқару инспекциясына жүктелген болатын. Бүгінгі таңда сезікті азаматша Г.Алиакбарова құрықталып тергеу амалдары жүргізілуде. Осы тұста айта кету керек, азаматтардың өздері де салғырттыққа бой бермей қырағы болып бейтаныс адамның айтқандарына сенбесе екен дейміз. Қандай да бір банкіге немесе басқа да бір мекемеге барсаңыз олардың кеңес беретін заңгерлері бар, олардың қызметі тегін, сондықтан да жерлестерімізді тосыннан кездескен адамға сенуге мүлдем болмайтынын ескерсе екен дейміз.