Аймақ басшысы қызмет көрсету кешендеріндегі қауіпсіздік шараларымен танысты
Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов бүгін "Батыс Еуропа - Батыс Қытай" көлік дәлізіндегі бірқатар қызмет көрсету кешеніне барды.
Төтенше жағдай кезіндегі қауіпсіздік шараларымен танысты. Алғашқы нысан - Сырдария ауданындағы "Нұрлы-Жол" кешені. Жалпы аумағы 2 гектар аумақта көлік жөндеу және жуу орындары, 40 орындық қонақ үй және көлік тұрағы бар. Кешенде санитарлық-дезинфекциялық және залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп тұрады. Бір мезетте тек 50 адамға ғана қызмет көрсетуі тиіс. Бұдан әрі аймақ басшысы аудандағы тағы бір нысан "Керуен" кешеніне аялдады. Мұнда қауіпсіздік талаптары қатаң түрде сақталған. Аурудың алдын алу мақсатында уақытша шектеулер енгізілген. Сондай-ақ, облыс әкімінің тапсырмасы бойынша "Қызыл-Орда" қызмет көрсету кешенінде де тазалық, залалсыздандыру жұмыстары күшейтілген. Жауапты мекеме тарапынан күн сайын тексеру жүргізіледі. Аймақ басшысы аудан әкімі Руслан Рүстемов пен нысан иелеріне қауіпсіздікке баса мән беріп, вирустың таралуы бойынша алдын алу жұмыстарын жүргізуді тапсырды.