Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова облыс жұртшылығына үндеу жариялады.
Облыс әкімі өз үндеуінде «»Өздеріңізге белгілі, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев елімізде короновирус індетінің таралуына байланысты төтенше жағдай жариялады. Осыған байланысты біздің облыста да қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Бүгінгі күнге дейін өңірде 318 адам карантиннен өтті. Мемлекеттік мекеме мамандары, дәрігерлер күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Сондықтан оларды қолдап, еңбектеріне құрметпен қарауға шақырамын. Дегенмен, аймақта «COVID-19» вирусын жұқтырған 5 қазақстандық анықталып отыр. Бұл жағдай тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған қатаң шараларды қабылдауды талап етеді.
Қызылорда облысының бас санитарлық дәрігерінің 30 наурыз 2020 жылғы №4 қаулысымен 31 наурыз сағат 00-ден бастап Қызылорда қаласына көліктің барлық түрлерінің келуіне және шығуына тыйым салынады. Теміржол қатынасына шектеу 1-сәуірден басталады.
Облыс тұрғындарынан сұрайтыным, шектеу талаптарын қатаң сақтауға тиіспіз. Қоғамдық орындарда серуендеуді доғарып, үйден шықпай, дерттен оқшауланған жөн. Қазір кез келген адам вирус жұқтыруы ықтимал. Ал қаулы ережесін бұзғандарға заң аясында шаралар қолданылатын болады.
Өңірде коронавирус диагнозымен ауруханаға түскен ең алғашқы науқастың мәселесіне келсек, қызметтік тексеріс жүргізілуде. Қауіпті індет белгілерінің неліктен кеш анықталғандығы қаралады», - деп атап өтті.