Мемлекет басшысының шағын және орта бизнестегі барлық несие бойынша негізгі қарыз бен сыйақының төлем мерзімдерін кейінге қалдыру туралы тапсырмасына сәйкес аймақтағы екінші деңгейлі банктер, қаржы ұйымдары қарқынды жұмыс атқарып жатыр. Облыстық кәсіпкерлер палатасының call орталығына хабарласып, осы жөнінде сұраушылар көбейді. Мамандар олардың ешбірін елеусіз қалдырмайды. Әр сұраққа жеке мән беріп, қаржы ұйымдарына жолдайды.
– Кәсіпкерлік субъектілерінен кредиттік каникул алу үшін қаржы ұйымдары мен екінші деңгейдегі банктерге бағытталған 901 өтінім түсті. Оның 665-і мақұлданды. Сондай-ақ, мемлекеттік бағдарламалар аясында 52 жоба бойынша жалпы сомасы 5,8 млрд теңге болатын несие төлемі кейінге қалдырылды, – дейді палата директоры Ғалымбек Жақсылықов.
Жалпы, «Қазақстан халық банкі» АҚ-ның Қызылорда және Байқоңыр филиалдарына 376 өтінім түсіп, оның 371-і қолдау тапты. Мемлекет басшысының тапсырмасы осылайша түгел дерлік орындалды. «Банк ЦентрКредит», «Форте Банк» филиалдары да қарбалас шақта клиенттерінің тілегіне құлақ асып, оны орындау үшін қам жасауда.
Ендігі жаңалық, «Қызылорда» өңірлік инвестиция орталығы жергілікті кәсіпкерлер палатасының сенімді басқаруына берілді.
– Бұл бізге әрбір жоба бойынша жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Осы орайда аудандық филиалдардың басшылары жобаларды бақылау кеңесінің қарауына шығару үшін оларды сүйемелдеуге алып, мониторинг жасап жатыр, – деді палата директоры.
Атқарылған жұмыстың арқасында өңірлік инвестиция орталығы жалпы төлем сомасы 30,6 млн теңге болатын 75 жобаны кейінге қалдырды.