Ауыл шаруашылығында тың технологияларды қолдану ресурстарды тиімді пайдаланып, егістіктердің өнімділігін еселеуге мүмкіндік береді. Осы орайда, Шиелілік шаруалар тамшылатып суару әдісін кеңінен енгізуде. Бұл туралы Шиелі ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Негізгі дақыл күріштің көлемі 13000 гектар болып межеленген болатын. Алайда, биыл егістікке баратын су көлемінің аздығына байланысты 800 га жер қысқартылып отыр. Есесіне, межеленген егістік көлемін толықтыру мақсатында тамшылатып суару әдісін пайдалану арқылы көкөніс, бақша дақылдарымен қатар, жүгері, жеміс ағаштары отырғызылуда. Аудан бойынша ағымдағы жылы ашық топырақта 21 гектар жерге тамшылатып суару әдісімен көкөніс, бақша дақылдары егілген.
Жалпы биылғы жылы Шиелі ауданы бойынша 29151 га жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру межеленген.
Жалпы, 1505 га жер дәнді дақылдардың үлесі болса, оның ішінде күздік бидай – 1100 га, жаздық бидай – 330 га, тары – 75 гектарды құрайды. Ал майлы дақылдар бойынша мақсары - 1100 га, соя - 70 га шамалайды. Мал азығындық дақылдар: оның ішінде жаңа жоңышқа - 3035 га, ескі жоңышқа - 5448 га, мал жемдік асқабақ - 106 га, сондай-ақ, картоп - 1200 га, көкөніс 1547 га және 2150 гектарға бақша дақылдары егілді.