ХХ ғасырдың басында дүниені дүр сілкіндірген саяси оқиғалардың ықпалы қазақ даласына да әсер етті. Ресей империясындағы саяси дүрбелеңдерден кейін, билікті еңбекшілер өкіметі санайтын большевиктер өз қолдарына алған еді. Осының нәтижесінде Қырғыз АКСР-і құрылып, КСРО - ның құрамына енді. Алғашқыда алаш зиялылары шоғырланған Орынбор қаласы астанасы болса, 1924 жылы Қырғыз Автономиялы Әкімгершілік территориясын ұлттық тұрғыдан межелеу барысында Орынбордың басым бөлігі орыстар болғандықтан және шалғайда жатқандығы ескеріліп, қазақ зиялылары арасында астананың ауысуы төңірегінде өте қызу пікір қалыптасты. Тарихи деректерге сүйенсек астана қылуға Ақтөбе, Әулиеата қалалары тіпті Атбасарда ұсынылған екен. Ақыры 1925 жылы Қазақ Орталық Атқару Комитеті астананы Орынбордан Ақмешітке көшіру туралы шешім шығарады. Бұл шешімнің шығуына сол кездегі Қазақ өлкелік партия комитетінің хатшысы Сұлтанбек Қожанов үлкен роль атқарды. Ол жаңа астана туралы ойларын. 1924 жылы «Ақжол» газетінде жариялаған «Кешіктірмей келісу керек», «Іс жүзінде орындау керек», «Қазақтың кіндігі қай қала болсын» және тағыда басқа мақалаларында бүкпесіз келтірді. Сонымен бірге оның «Қазақтың астанасы орыстың туы тігілген қалада емес, қазақтың киіз ауылында болса да, қазақ ұлты жұртшылығына жуық болуы керек!» деген сөзі тарих бетінде мәңгі қалды.
Осылайша қазақтың әдет-ғұрпы, салты, діні, руханияты таза сақталған Сыр бойындағы Ақмешіт қаласына астана болу тағдыры жазылды.
1925 жылдың ақпанында Қазақ Орталық Атқару Комитеті (КазЦИК) Президиумы республика астанасын Орынбор қаласынан, Ақмешіт қаласына көшіру жайлы Қаулы қабылданады. Перовск станциясы темір жол жұмысшыларының бастамасы бойынша Қазақстан өкіметін, Ақмешітке көшіру үшін үш күн ішінде «Қызыл паровозды» жөндеуден өткізіп, Орынборға жіберді. Қазақ АССР-і Кеңестерінің Ү съезі делегаттары және өкімет мүшелері бар поезы Орынбордан республиканың жаңа астанасы, Ақмешітке 1925 жылдың наурыз айының аяғында аттанды
1925 жылғы 15-19 сәуір аралығында Ақмешітте Қазақ кеңестерінің V съезі болып, Оған төрағалық еткен Сұлтанбек Қожанұлы халқымыздың санғасырлық “қазақ” деген тарихи атауын қайтарады. Сонымен бірге алаш қайраткері, Қоңырқожа Қожықовтың ұсынысымен Ақмешіт атауы Қызылорда болып өзгереді. Бұл туралы Дінше Әділовтың 1928 жылы ОГПУ тергеушісіне берген жауабында «Қожанов, мен, Есболов Табынбаевтың үйінде түскі ас іштік. Съезд аяқталуға таяған еді. Сол кезде үкімет көшіп келіп Ақмешіт қаласының атын өзгерту мәселесі көтерілген болатын. Жаңа астананы қалай атау жөнінде ойластық. Қызылорда атауын алғаш ағартушы-ғалым Қоңырқожа Қожықов ойлап тапты. Одан неге? деп сұрадық. Бұл қос қатпарлы атау, ол екі жақты да қанағаттандыруы тиіс екенін айтты. «Қызыл» - демек большевиктерге ұнайды, ал «Орда» - ұлттық атау. Демек, ол жақ та, бұл жақ та кінә арта алмайды. Бұл ұсыныспен келістік дейді.
Қаланың жаңа атауы бүкіл жұртшылық тарапынан қолдау тапты. Қызылорданың Қазақстан астанасы деп аталуымен тарихтың жарқын беттері ашылды.
Қаланың алғашқы рет бас жоспары жасалып, бұған алаш қайраткері, тұңғыш темір жол инженері Мұхамеджан Тынышбаев, Батыс Алашорданың белсенді мүшесі болған, кейін жауапты қызметтер атқарған Аспандияр Кенжин үлкен еңбек сіңірген еді. Қаланың орталық бөлігін суландыру үшін қазылған Сарқырама каналы Алаш қайраткерінен қалған бір белгі ретінде күні бүгінге дейін қаланы қақ жара сарқырай ағып жатыр.
Алаш қайраткерлері жаңа астанада қоғамдық-саяси һәм мәдени орта қалыптастыруға барын салды. 1925-1928 жылдары аралығында Қызылорда қаласында тұрған, Алашорда көсемдерінің бірі Ахмет Байтұрсынов ұлт жұмысының көшбасында тұрса Ал, Міржақып Дулатов қазақ әдебиетінің дамуына өлшеусіз үлес қосты.
Кейінірек ақын Сырбай Мәуленовтің Алаштың Ақмешіті жайлы “Сәкен бәтеңкесінің ізі қалған” деп жазатыны да осы кезең оқиғалары еді. Есімдері ұлт жадында мәңгі қалған Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Әуезов сынды қаламгерлердің ұлт әдебиетінің қорын байытқан жауһар шығармалары Қызылордада дүниеге келді.
1926 жылы қазақ ұлттық театры Қошке Кемеңгерұлының “Алтын сақина” пьесасымен тұңғыш шымылдығын ашты. Қазаққа театр өнерін тұңғыш танытқан Әміре Қашаубаев, Құрманбек Жандарбеков, Серке Қожамқұловтар уақыт өте келе ұлт руханиятының қабырғалы қайраткерлеріне айналды. М. Дулатовтың қызы Гүлнардың естеліктерінде Қызылорда да тұрған уақытта үйге Назипа Күлжанова, Ілияс Байменов, Әліби Жанкелдин, Серке Қожамқұлов, Мұхтар Әуезов, Әміре Қашаубаев, Иса Байзақов, Мағжан Жұмабаев, Әлкей Марғұлан, Смағұл Сәдуақасов, Көшке Кемеңгеров, Әлібек пен Әуелбек Қоңыратбаев және де тағы басқалар қонаққа келетін деп жазады.
1925-1926 жылдары білім беру институты, кеңес-партия мектебі, меди¬цина, қаржы, көлік-механикалық, геоботаникалық сала мамандарын дайындайтын техникумдар ашылды. «Еңбекші қазақ». «Советская степь», «Түркістан кедейлері», «Ауыл тілі», «Ақжол» республикалық басылымдары шыға бастады. Ұлттық сананы қалыптастыруда 4 ғасырға бергісіз 4 жыл қисық көшелі шағын шаһарға үлкен өзгеріс әкелді. Осы жылдары қала халқының саны 22 мыңға жетіпті.
Қазақстандағы мұндай ұлттық серпіліс пен сілкініс Мәскеуді дереу елең еткізген еді. Кеңестік билік әккі де қатыгез басшы Филипп Исаевич Голощекинді аттандырды. 1925 жылдың күзінде республикаға басшы болып келген кейін өзіне ұнамаған Алаш азаматтарын қуғынға ұшырату арқылы қазақ қоғамындағы “ұлтшылдық” тенденциясын тұншықтырды. Ел астанасын қазағы басым Қызылордадан, орысы көп Алматыға көшіруді қолға алады. Осылайша 1927-жылдың 29-сәуірінде Бүкілодақтық Халық Комиссарлар Кеңесі Қазақстан астанасын Қызылордадан Алматыға көшіру туралы Жалпықазақстандық VI съезінің шешімін бекітіп береді. Съезд шешімі 1929 жылдың мамыр айында ресми түрде іске асырылып, Алматы астана мәртебесін иеленді.
Қазақтың астанасы болған Қызылорда көптеген қиыншылықтарға қарамастан сол кезеңдегі күрделі тарихи мәселелерді шеше білді. Бастысы қазақ халқын біріктіріп, ұйыстыруға үлкен ұйытқы болып, тарихымыздың жарқын беттерінің бірі болып қалды.
Биылғы жылы Қызылорда қаласының астана болғанына 95 жыл толуына орай жерлесіміз елімізге белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, Алаштану институтының директоры Амантай Жарылқасынұлы Шәріп Орынбордың мемлекеттік архивінен алынған құнды құжаттардың көшірмесін музей қорына тапсырды.
Г.Әубәкір,
Ақмешіт музейі филиалының экскурсоводы