Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Аттестат алу рәсімінде карантин ережелері қатаң сақталады


Аймақта 3-4 маусым күні мектеп бітіруші түлектерге соңғы қоңырау шаралары мен аттестат алу рәсімі біріктіріліп өтеді. Биылғы оқу жылын 6059 бітіруші мектепті аяқтайды.
Бітірушілердің 548-і «Алтын белгі», 363-і «Үздік аттестат» иегері атанды.Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова баяндады.
"Біріктірілген шаралар мектептің сыртқы ауласында ұйымдастырылады. Аттестат тапсыру барысында санитарлық сақтық шаралары қатаң сақталатын болады. Атап айтқанда, шараға қатысушылар арасында әлеуметтік ара-қашықтықтың сақталуы, оның алдын ала орындарының белгіленуі, маскалық режим және барынша қатысушылар санын шектеу көзделіп отыр. Ертеңгі шарада түлектердің тек ата-анасы немесе заңды өкілінің қатысуы талап етіледі",-деді Ақзира Қасымова.
Шаралар мектеп бітіруші түлектердің санын ескере отырып белгіленген кесте бойынша өтеді. Онда сынып саны, бітіруші сыныптың саны ескеріледі. Салтанатты шара 45 минуттан аспауы тиіс. Яғни, түлектердің қоштасу вальсі, мерекелік отшашулар өткізілмейді.
"Мектеп мұғалімдеріне сыйлық алуға, басқа да шараларға, безендіру, жөндеу жұмыстарына, мектепке естелік сыйлық алуға ата-аналар мен оқушылардан ақша жинауға қатаң тыйым салынды",-деді сала басшысы.
Сонымен қатар, аудандық, қалалық білім бөлімдері, полиция бөлімі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен мектеп бітірушілердің кортежбен серуендеуіне, кафе-мейрамханаларда тойлауына, кешкі уақытта жалдамалы үйлерде, табиғат аясына серуендеу, өзен-көлдерге суға шомылуға тыйым салынады.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: