Жалағаш ауданындағы «Өркен Әлем» ЖШС арнайы киім тігу цехы бар. Жалпы құны 38 миллион теңгеден астам қаржыны құрайтын цехтың ашылғанына үш жылдай уақыт өтті. 45 адамды жұмыспен тұрақты қамтыған кәсіпорынның өнімі Қазақстанның түкпір-түкпіріне тарайды. – Біздің басты орталығымыз Алматы қаласында орналасқан. Мұнда 2017 жылдан бастап жұмыс жасаймыз. Цехта әскерилерге арналған оқтан қорғайтын кеудеше, саперлар киетін шлем мен снаряд жарықшағынан қорғайтын киімдер тігеміз. Басты бағытымыз да – осы. Арнайы киімдер Қорғаныс министрлігіне қарасты әскери бөлімдердің тапсырысы бойынша жасалады. Барлық қызметкерлер жергілікті аудан тұрғындары. Әлемде пандемия басталғалы цех тігіншілері 20 мың медициналық маска тігіп, аудан тұрғындарына тегін таратылды. Алдағы уақытта жұмыс ауқымын кеңейтетін үлкен жоспарлар бар, – дейді цех филиалының директоры Жақсылық Өзденбаев.