Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Қызылордада кәсіпкер қауыннан чипсы шығарады

Дәмі тіл үйіретін қара қауын – Сыр өңірінің күріштен кейінгі бренді болып саналады. Аймағымыздағы агроөнеркәсіп саласының мамандары қара қауынның тұқымын жаңа сапаға көтермек ниетте. Сондай мамандардың бірі – ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің ғалымы Самалбек Оразбайұлы Қосанов.
Самалбек Қосанов – Қызылорда қаласында тәулігіне 200-500 келіге дейін қауын чипсыларын дайындайтын өндіріс орнын ашқан. Ол бұл жобаға «Бизнестің жол картасы-2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында бизнес жоспар құрып, нәтижесінде, 2,5 миллион теңге көлеміндегі қаражатқа қол жеткізген.
Кәсіпкердің бұл идеясы бүгінде өзекті болып тұрған жастардың дұрыс тамақтану мәселесіне байланысты туындаған көрінеді. Жеңсік ас жергілікті қауын сорттарынан дайындалады.
«Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының ұйымдастыруымен өткізілген «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасына қатысып инновациялық жоба ұсынған болатынбыз. Мұндағы негізгі мақсатымыз өңірімізде өсірілетін қауындардан екі түрлі өнім шығару. Оның біріншісі – қауын чипсылары, екіншісі – кептірілген қауындарды нарыққа шығару. Биыл тамыз айынан бастап өңірімізге бейімделген жергілікті қауын сорттары пісіп жетілді. Сондықтан, тамыз айының басынан бастап өндіріске толықтай кірістік. Бүгінгі күні 50 киллограмдай қауын чипсылары мен кептірілген қауындар дайын тұр. Келешекте өндірісті кеңейтсек деген ойымыз бар. Себебі, әлемде кептірілген қауынға деген сұраныс өте жоғары. Әзірше дүниежүзі бойынша Өзбекстан мемлекеті ғана осы мәселемен шұғылданып жатыр. Болашақта басқа да шет мемлекеттер осындай өнімдерді шығаруға ниеттеніп отыр.
Қазіргі таңда өнімдеріміздің барлығы «Қызылорда қауындары» деген брендпен шығарылып жатыр. Қаламызда орналасқан мини-маркеттермен келісім шарт жасалды. Алдағы уақытта өңіріміздегі барлық сауда желілерімен байланыс орнатып жұмыс жасау және сырт мемлекеттерге де шығару жоспарда бар», ̶ дейді «Жаса Агро» орталығының басшысы Самалбек Қосанов.
Орталықта 2 адам жұмыспен қамтылған. Мұнда сапалы тұқымдардан өзге бау-бақшаға тамшылатып суғару үшін қажетті құралдар, тыңайтқыштар, жылыжайға қажетті жабдықтарға дейін бар. Орталықтан тұқым немесе өзге де бау-бақшаға қажетті заттарды алған адамдарға Самалбек Қосановтың өзі қолдануына қатысты кеңес беріп, өнімді одан әрі жетілдіруге үлес қосатынын жеткізді.  
Мұнан өзге, ғалым-кәсіпкер алдағы уақытта жұмыспен қамту орталығымен тығыз байланыс орнатып, жұмыссыз жүрген жандарды бау-бақшаның қыр-сырына үйретуді, үйретіп қана қоймай оқыған жандардың біліктілігін айқындайтын сертификаттар беруді көздеп отыр. 
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: