«Достық» үйінде Табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыс бойынша департамент басшысы Гүлмира Өтегенованың төрағалық етуімен жария тыңдау өтті. Аталған шара бір ғана мәселеге – «Энергосервис» ЕЖШС-ның электр энергиясымен жабдықтау қызметі бағасын өзгертуге арналды. Оған депутаттар, жергілікті атқарушы және мемлекеттік органдар, бұқаралық ақпарат құралдары, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері қатысты.
«Энергосервис» ЕЖШС-ның директоры Еркебұлан Есенбаев хабарлама жасап, өзі басқаратын құрылымның электр энергиясымен жабдықтау қызметі бағасын алдағы уақытта өзгерту туралы ұсыныс түсірілгенін жеткізді. Ұсыныс ҚР Ұлттық экономика министрінің 2017 жылғы «Қоғамдық маңызы бар нарықтарда баға қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес беріліп отыр. Серіктестік басшысы мұндай қадамға баруға мәжбүр етіп отырған нақты себептерді атап өтті.
Бүгінгі таңда еліміздегі электрстанциялар өндіріп жатқан электр энергиясы 5,7%-ке, электр қуатының жүктемені көтеруге әзірлігін қамтамасыз ету бойынша көрсететін қызметінің құны 30,4%-ке және «КЕГОК» АҚ-ның желілері бойынша электр энергиясын тасымалдау бағалары 12,1 %-ке өсіп отыр. Осыған байланысты «Энергосервис» ЕЖШС-ның электрмен жабдықтау қызметі бойынша қазіргі қолданыстағы тарифімен салыстырғанда жобалық орташа босату бағасын 15,7% шамасында өзгерту туралы 29 қаңтарда ұсыныс берілген.
Ұсыныста көрсетілгендей, бұл жағдайда жеке тұтынушыларға арналған тариф 7-8% көлемінде өседі. Мәселен, жеке тұтынушыларға арналған қолданыстағы тариф қосымша құнға салынған салықты есептемегенде 15,01 теңге болса, енді 15,91 теңгеге дейін көтерілуі мүмкін. Ал заңды тұлғалар мен бюджеттік мекемелер үшін басқа тариф ұсынысы берілген.
Мұнан соң жария тыңдауға қатысушылар мәселеге қатысты ойларын ортаға салды. Мәселен, тарифтің өзгеруі кәсіпкерлік нысандар өндіріп отырған өнімдер бағасына әсер етуі мүмкін. Сонымен қатар, қаланың бірқатар бөлігінде кешкі уақытта жарықтың берілуі нашарлап кететіндігі айтылды. Оған қатысты «ҚЭТТК» АҚ өкілі Айнұр Жаналиева қаланың көптеген аудандарында электр желілерінің тозуына орай оларды қайта жаңғырту жұмыстары жүріп жатқанын мәлімдеді. Ал бюджеттік мекемелер үшін тариф тым қымбат болуы мүмкін деген сұраққа Г.Өтегенова Қазақстанның көптеген облыстарымен салыстырғанда бізде төмен болатынын нақты деректерді келтіріп жауап берді.
Департамент басшысы бағалардың өзгеруін негіздеуге қатысты ұсынылған құжаттар бойынша сараптама жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады. Ол жария тыңдауда айтылған сын-ескертпелер мен ұсыныс-пікірлерді ескере отырып, соңғы шешім 2020 жылдың 28 ақпанында қабылданатынын жеткізді.