«Ас – адамның арқауы» дейді дана халқымыз. Сол себепті дайындалған асқа да, дайындаған аспазға да жіті мән берген. Қай кезде болсын аспаздық сұранысқа ие мамандықтардың бірі екені даусыз. Бүгінде аталған сала бойынша жеке кәсібін ашып, нәпақасын тауып жүрген нәзікжандылар жетерлік. Солардың бірі – Ы.Жақаев ауылының тұрғыны Сезім Бекбаева.
– Қандай да бір істі бастағанда отбасыңның қолдауы өте маңызды. Маған сондай бақыт бұйырды. Өйткені, жолдасым үнемі маған ақылын айтып, өзіме деген сенімділігімді арттырып отырады. Өз жаныма жақын іспен айналысуыма да мүмкіндік берді, – дейді аспаз.
Айта кетейік, Сезім Қаржаубайқызының негізгі мамандығы – туризм саласы. Айтуынша, өзі тәмамдаған мамандықпен ауданда жұмыс табыла қоймапты. Десек те жұмыссыздықты желеу еткісі келмей, іздене бастайды.
– Кішкене кезімде асханаға мүлдем жақын болмадым. Тіпті дәл қазіргідей тапсырыс қабылдап, жеке кәсіпке айналдырамын деп еш ойламаппын. Мен алғаш тұрмыс құрғанда нан да пісіре алмайтынмын. Бірақ ата-енемнің мені қолдауымен бәрін үйрендім. Олар әрқашан мақтау сөздерін аямай, шабыт беріп отырады. Егер кез келген асты шын ниетіңізбен дайындасаңыз, ол міндетті түрде дәмді болып шығады, – дейді кәсіпкер.
Алғашында торт, тәттілер пісіруді хоббиі ретінде санаса, содан соң отбасының ұсынысымен кәсіпке айналдырады. Осылайша өзінің ізденімпаздығының, талабының арқасында 2019 жылы «Атамекен» палатасында кәсіпкерліктен арнайы курстан өтіп, нәтижесінде үкіметтен 505 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант ұтып алады.
– Қайтарымсыз ақша ұтып алған соң барлық құрал-жабдықтарымды түгендеп алдым. Мен көп іздендім. Көптеген фудблогерлердің мастер класстарына қатыстым. Әлі күнге дейін онлайн мастер класстарға қатысамын. Өйткені, білетінім бір тоғыз, білмейтінім тоқсан тоғыз. Сондықтан қазіргі таңда шәкірт тәрбиелейтін ойым жоқ. Болашақта кәсібімді үлкейтіп, жеке цех ашсам ба деген арманым бар. Аудан халқын өзімнің тәттілеріммен қамтамасыз етсем деймін, – дейді С.Қаржаубайқызы.
«Ас иесімен тәтті» демей ме? Кейіпкеріміз әрбір тапсырысын ыждағаттылықпен орындайтынын да тілге тиек етті. Қалай десек те аспаздық – үлкен өнер. Оған асқан жауапкершілік, шеберлік, жігер, талап керек. Егер аспаздың қолынан шыққан дүниесі көпшіліктің көңілінен шықса, тұтынушылар легі арта түседі. Бүгінгі біздің кейіпкеріміздің де аудан көлемінде тұрақты тұтынушылары қалыптасып үлгерген. Ол Сезім Бекбаеваның еңбегінің нәтижесі болса керек.