Сейхун.info » Қоғам » Сұлулықтың сырын білген Саида

Сұлулықтың сырын білген Саида

Айдар: Қоғам / Сонғы жаңалықтар

Cұлулыққа, әдемілікке, әсемдікке сүйсінбейтін, тебіренбейтін жан жоқ шығар, сірә?! Әсіресе, болмысы ерек нәзікжандылар құмар-ақ. Заманға сай әрбір ару жеке басына дұрыс күтім жасай алуға мүмкіндік те бар. Қалауынша сұлулық салондарына барып шашын, қасын қиып, бетін әрлей алады. Соған сай сұлулық салондары көптеп ашылып, аталған саланың жұмысы қызып тұр. Бірі екіншісінен кем түспейді. Бұрындары аудан орталықтарында ғана бар сұлулық салондары енді ауылдарда да жарыса ашылып жатыр. Солардың бірі осыдан үш ай бұрын Бала би елді мекенінде лентасы қиылған, небәрі 21 жасар Саида Тілеубаеваның сән салонына тоқталғымыз келіп отыр.
Кейіпкеріміз сұлулық салонын ашпас бұрын тәжірибелі мамандардан дәріс алғанын айтады. Тіпті біліктілігін шыңдау үшін Қызылорда қаласында және аудан орталығындағы бірнеше сән салондарында жұмыс істеген. Еселі еңбегінің нәтижесінде діттеген мақсатына жетіп, осы салада нәпақасын тауып отыр.
– Қандай да бір істі бастамас бұрын алдын ала зерттеу жасаған дұрыс деп ойлаймын. Мен де сұлулық салонын ашпас бұрын басқалардың жұмыс барысымен таныстым. Өзіме тәжірибе жинап, ой түйдім. Әрбір қыз баласы әдемі болғысы келеді ғой. Бала би ауылы аудан орталығынан қашықта орналасқанын білесіздер. Аудан орталығына қатынау да оңай емес. Сол себепті мен сұлулық салонын өз ауылымнан ашқанды жөн санадым. Ол менің туған ауылыма тигізген көмегім деп білемін, – дейді кәсіпкер.
Айта кетейік, Саида – қазіргі таңда Алматы медициналық колледжінің 3 курс студенті. Өзі жас болса да, тындырымды тірлік бітіріп жүрген жас қыздың алға қойған мақсаты да көп. Кейіпкеріміз сұлулық салонына өз күшімен қол жеткізгенін, өз қаржысымен бастағанын айтады. Тіпті ешқандай несие, қайтарымсыз грант та алмаған.
– Негізгі мамандығым медицина саласы болғанымен, жаным осы істі қалайды. Сондықтан мен көз жұмып, тәуекелге бел байлап аталған кәсіпті бастадым. Әрине, отбасыммен ақылдастым, ойларын білдім. Бір қуанарым, ата-анам, бауырларым маған үнемі қолдау білдіріп, шабыттандырып отырады. Қазіргі таңда сұлулық салонында көптеген қызмет түрлері бар. Атап айтар болсам, маникюр, педикюр, макияж, прическа, шугаринг. Алдағы уақытта басқа да қызмет түрлерімен толықтырамыз. Қазіргі таңда өзімнен бөлек 3 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырмын. Бағалар да қолжетімді, – дейді сән салонының иесі.
Кәсібінің көкжиегін кеңейтуді көздеген Саиданың салонында тұрақты тұтынушылар да қалыптасып үлгерген. Айтуынша, сұлу да сымбатты болғысы келетін қыз-келіншектердің талабына сай болу міндеті. Өйткені, сән салондары өте көп. Әрбір келуші сапалы қызмет пен жауапкершілікке, шеберлікке аса қатты мән береді. Соған сай сұраныс болған жерде қызмет те сапалы болатыны рас. Өзін дамытқысы келетін адам ғана биікке өрлей, самғай алады, жетістікке жетеді. Әрине, оның бойында өз ісіне деген құштарлық, махаббат бірінші орында болуы керек. Бұл қасиет бизнес баспалдағынан көрінуді көздеген әрбір жанның бойынан табылуы тиіс. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз де жас бола тұрып, өзін сан қырынан көрсетіп үлгерді. Ендеше сұлулықтың сырын білген Саидаға сәттілік тілейміз.

Фариза КЕНЖЕШОВА