Қармақшылық Қуаныш Тәтімбетов алғашқыда «Бізде қандай кәсіп аз, не істеуге болады» деген сауалға жауап іздейді. Ойлана келе осы шаштараз кәсібін дөңгелетуге бел буады.
Ал, нәтижесі жаман емес. Ашылғанына аз уақыт болса да, тұрғындарға жол тауып үлгерді. Қызмет бағасы да көңілге қонымды. Әйелдер мен ерлер шашына – 500 теңге болса, балаларға – 300-400 теңге алады. Шаштараз 3 адамды жұмыспен қамтып отыр. Мұнда тырнақ, бет әрлеу секілді қызмет түрі де бар. Отбасылық кәсібінен нәсіп көріп отырған Тәтімбетовтердің ендігі мақсаты – алдағы уақытта шаштаразды кеңейтіп, тағы да қызмет түрлерін қосу.
– Бүгінде кәсіби шаштараздың қызметіне жүгіну оңай емес. Себебі, уақытыңмен қоса қалтаңды да біраз жұқартуға тура келеді. Нағыз маман сіздің бет-келбетіңіздің артық жерін жасырып, шаш үлгісі арқылы бет пішініңіздің формасын үйлестіре алады. Тұтынушыны жалықтырып алмау үшін де әсерлі әңгіме айтып, шаш күтімі жөнінде пайдалы кеңестермен бөлісу де өнер. Кез келген шаштаразшы шашты тараудан бастап, қию, бояу, бұйралау, химиялық жолмен сәндеу технологиясын, әр түрлі шаш үлгілерімен жұмыс жасауды жетік меңгеруі тиіс. Тіпті клиент үшін шашты дұрыс жуып, бас терісін уқалай білу де маңызды рөл атқарады. Қолданатын құрал-саймандарды да дұрыс таңдай білу кәсібилікті талап етеді. Әсіресе, жасалуы күрделі, мерекелік, қалыңдыққа арналған шаш үлгілерін епті жасай білсең, ерлер шашын сәнді қия білсең, еңбегің соғұрлым жемісті болмақ, – дейді Қуаныш Тәтімбетов.