Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Ата кәсібін ардақтаған

Өткеннен тағылым алып, оны өмірінің өзегіне айналдырған ісмер адамдар қоғам көптеп кездеседі. Барын бағалап, жақсысын жарастырып жүрген жандар жайлы аз айтылып жүрген жоқ. 
Ондағы басты мақсат жастарды еңбекқорлыққа, төзімділікке баули отырып, үлкендер үрдісін насихаттау болып табылады. Байырғы ата-бабаларымыз қола, тас дәуіріндегі сақ, ғұн тайпаларынан тамыр тартып темір, ағаш, сүйектен түрлі зергерлік бұйымдар жасап, оны тұрмыстық қолданыста кеңінен пайдаланып отырған. Осындай он саусағынан өнер тамған қолөнер шебері – Шөмекей Кенжебаев. Өнегелі отбасында өсіп-өнген шебер, жастайынан әке тәлімін бойына сіңіріп, кәнігі қолөнер иесі атанады. Әкесі Кәрібай қария – Сыр бойына даңқы шыққан әйгілі ағаш ұстасы. Оның қолынан шыққан қаншама құнды дүние бүгінде көп шаңырақтың төрінде тұр. Сөзіміздің дәлеліндей Сыр сүлейлерінің ізбасары, Жиенбай жыраудың ұрпағы Көшеней Рүстембековке 7 жасында қараталдан ойып, ағаш домбыра тарту еткен екен.
Ол бұл күнде Алматы қаласындағы қазақ ұлттық аспаптар мұражайында сақтаулы. Халқымызда «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» деген нақыл сөз бар. Шөмекей Кәрібайұлы бала кезінен әкесінің қасында қолғанат болып көмектесіп жүріп, тәлімін бойына сіңіріп өседі. Ер жете келе зергерлік бұйымдар жасауға деген қызығушылығы артып, бұл өнер өмірінің ең негізгі өзегіне айналады. Қазіргі уақытта да ағаш ойып, темір балқытып, көптеген дүние жасап шығаруда. Оның тағы бір қыры – Сыр сүлейлері Тұрмағамбет, Балқы Базар, Жиенбай, Мұзарап, Тас­берген, Сәрсенбай, тағы басқа да жыр жам­поздарының шығармаларын нақышына келтіре орындайды.
Ұсталық қасиет отбасындағы төрт ағайынды бала­ның ішінде Шөмекейге қонған. Ол атадан балаға мұра болған ұсталық қасиетті бой­тұмардай қастерлеп, ата жолын ардақтап жүрген жан. Міне, біздің мақаламызға өзек болған қолөнер иесінің өзіндік өмір жолы көпке үлгі-өнеге. Өнердің қай түрін болсын көздің қарашығындай қастерлеп ұстай білсе, ол мәңгілік өміршеңдігін жоғалтпайды. Айлар алмасып, жылдар жалғасады. Алайда, ұлт­тық салт-дәстүр, әдет- ғұрып, қазақы тәлім-тәрбие секілді бояуы қанық табиғи дүниелер ғана ғасырлар мен дәуірлерге иек артып, Мәңгілік елімен бірге жасай бермек.
– «Еңбектің көзін тапқан, берекенің өзін табады» деп халқымыз тегін айтпаса керек. Әрбір адам қандай іспен айналысса соның жемісін жейді. «Еңбек ер атандырады» деген емес пе, оның ішінде қолөнер ісі аса шыдамдылық пен терең талғампаздықты қажет етеді. Мұндай зергерлік бұйымдармен айналысу менің бала кезімдегі қызығушылығымнан басталып, өмірлік кәсібіме айналды. Әкем заманында «Кәрібай ұста» атанған қолөнер шебері болған. Алтын, күмістен түрлі бұйымдар жасаған. Тұтынған құрал-жабдықтары ұста­ханамда сақтаулы. Оны көненің көзіндей мұқият ұстап, қажетіме қарай пайдаланамын. Адам қандай іспен айналысса да жан-жүрегі­мен, шынайы көңіл қалауымен атқаруы керек. Қазір қоғамда екі қолға бір күрек таппай, ата-анасының табысына таңылып отырған жастар жеткілікті. Оларға айтар кеңесім, мемлекет пен отбасына қарап отырмай қолдарынан келер іспен шұғылдануы керек. Еліміз әлемде дамыған озық отыз елдің қатарына енуді алдына мақсат етіп қойып, соған жетудің негізгі алғышарттарын іске асыруда. Мемлекет жастарға кәсіппен айна­лысуға барлық мүмкіндікті жасап, кеңінен қолдау танытуда. Сондықтан өз мүмкіндігіңді молынан пайдалана білген ләзім. Біздің қоғам – шабамын деген адамға ат, жанамын деген жүрекке от берген қазақтың алтын дәуірі. Еліміз болашақта бұдан да зор жетістіктерге жетеді. Ол үшін оған әрбір қазақстандық теңіздің тамшысындай болса да өз үлесін қоса білгені жөн. Бірлік бар жерде тағылымды тірлік толастамайтынын естен шығармауымыз керек, – дейді Шөмекей шебер бізбен әңгімесінде.
Иә, біз өткенін ұмытпаған, ұлттық мұра­ларын ұлықтаған ұлы дала елінің ұрпа­ғымыз. Он сегіз мың ғалам иесі Алла тағала адамзат баласын барлығынан ерек­ше артық етіп жаратқан. Қазір иннова­цияның дамыған дәуірі, жастар әртүрлі ғы­лыми жаңалықтар ашып, қолданысқа ен­гізуде. Дегенмен атаның тегімен, ананың сүтімен келген ұлттық қасиеттерімізді ұмыт қалдырмасақ игі. Жоқтан бар жасап, ағаштан ою ойып, темірден түйін түйген шеберлердің ісмерлігі кім-кімді болса да талантына тәнті етеді. «Ұстаның қолы алтын» деген осы емес пе?
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: