Мемлекеттің кәсіпкерлікті қолдау аясында Қазалы ауданы Абай ауылында бірқатар жобалар жүзеге асты.
Халық саны ауыз толтырып айтарлықтай көп болмаса да округте жетпіске жуық кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Басым бөлігі – жеке кәсіпкер. Сондай-ақ, 26 шаруа қожалығы үздіксіз жұмыс істеп тұр. Биыл ауылдағы алуан кәсіпкерліктің қатарына біріктірілген құны 22 миллионға жақындайтын тағы 5 жоба қосылған. Мәселен, «Кіші Абай» шаруа қожалығы “Қазалы несие” қаржы ұйымынан 7,2 млн теңге несиені ірі қара өсіру үшін алған. Жеңілдетілген несие беретін осы ұйымнан «Жайлау» шаруа қожалығы да мал басын көбейту үшін 9,2 млн теңгеге қол жеткізіп, тіршілігін бастап кеткен. Сол сияқты жеке кәсіпкер Қалыбай Жүсіпәли ауылшаруашылықты қаржылай қолдау қоры арқылы жылқы өсіру үшін 3 млн жеке кәсіпкер Патима Балмаханова дәл сондай мақсатта 2 миллион теңге еншіледі. Ал ауыл тұрғыны Анар Ибайдаева стартап жобасы бойынша 550 мың теңге грант жеңіп алған. Ол қазіргі таңда тігін тігумен айналысады.