Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Жаңақорғанда құрғақ құрылыс қоспалары шығарылады

Жаңақорғанда баламасы жоқ өндіріс ошағы ашылды. Жаңа жоба аудан экономикасын әртараптандыру бағытын іске асырмақ. 
Бұған дейін көршілес облыстар мен шетелдерден тасымалданған құрылыс материалдары енді өзімізде шығатын болды. Иә, жеке кәсіпкер Мұхтар Тойымбетов басқаратын «Ернар» жеке кәсіпкерлік субьектісі шағын цехты іске қосты. Күніне 3 тонна құрғақ құрылыс қоспаларын шығаратын цех «Құрылыс сапа» деп аталатын брендпен танылуда. Сапасы стандарттарға сай. Ең бастысы, бағасы қол жетімді. Алыстан арбаламай, жақыннан жеткізесің. Бізге өндіріс ошағының иесі Мұхтар Тойымбетовпен сөйлесудің сәті түсті.
– Бұрынғы ПМК-34 мекемесінің өндірістік ғимаратын жалға алып жұмыс жасаудамыз. Ескі ғимарат болғандықтан ішіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Электр желісін жүргізіп, жаңа есіктер салдық. Ең бастысы, жұмысқа қолайлы жағдай жасадық. Бүгінде құрылыс материалдарының үш түрін арнайы маркамен өндірудеміз. Құйылмалы еден (наливной пол), әмбебап сылақ (шпатлевка выравнивающая), тас еден желімін (кафельный клей) шығарудамыз, – дейді кәсіпкер.
2002 жылдан бері өндіріс саласында қызмет атқарып келе жатқан Мұхтар жаңа кәсіп ашуды көздейді. Көптеген жобаларды сүзгіден өткізіп, қазіргі заманға ең қажетті құрылыс мате­риалдарымен қамтамасыз етуді мақ­сат етеді. Бұл ойын іске асару­да еңбектенеді. 2014 жылдан бері биз­нестің қыр-сырымен таныса жүріп тәжірибе жинақтайды. Бүгінде цехқа қажетті гипсті Самархандтан, химия қоспаларын Қытайдан, мрамор ұн­та­ғын Алматыдан, қағаз қабын Шым­­кенттен арнайы тапсырыспен ал­ды­руда. Ал өңдеуші арнайы құрыл­ғыны шетелдік технологияға қарап жер­гілікті мамандарға тапсырыс беріп, арнайы жасатады.
Бұрын аудан тұрғындары мұн­дай материалдарды көршілес қала­лардан жеткізіп отырған. Ал өнім­нің жергілікті жерден шыққаны жаңа­қорғандықтар үшін қолайлы бол­мақ. Өйткені базар бағасынан 40 пайызға дейін арзан алуға болады. Мәселен, тас еден желімінің бағасы базарда 1450 теңге болса, мұнда 950 теңге. Бүгінде 4 жұмысшы тұрақты нәпақасын осы жерден тауып отыр. Алда инновациялық жоба ретінде қаржылай қолдауға ие болып жатса, кәсіпорынды кеңейтіп, жұмысшылар санын арттыруды көздейді.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: