Осыдан он жыл бұрын Жалағащ ауданында өз ісін бастаған Дәуренбек Алтыбаев бүгінде жұмысының жемісін көріп отырғанын айтады. Бұрын елордадағы пластик есік-терезе өндіретін цехта жұмыс жасаған ол Сыр бойында өнімнің бұл түріне деген сұраныстың жоғары екенін байқайды.
Осылайша туған жерге келіп, бұған дейін жалақысынан үнемдеп жинаған қаражатына қажетті құрал-жабдықтар алып, іске кіріседі.
– Бұрын Астана қаласындағы есік-терезе өндіретін цехта жұмыс жасайтын кезде тұтынушыларымыздың көбісі сырбойылықтар болатын. Осыдан-ақ Қызылордада пластик есік-терезеге деген сұраныстың жоғары екенін аңғардым. Туған жерім Жалағашқа келіп осы салада өнім өндіретін цех ашуды жоспарладым. Бастапқыда ертеңгі күні тапсырыс болмай жатса, кәсібім жүрмей бизнесім аяқсыз қалады-ау деп еш уайымдаған жоқпын. Себебі мен цех ашу үшін айтарлықтай қомақты қаражат жұмсамадым. Небәрі екі аппарат пен аз ғана шикізат алып, ісімді бастап кеттім. Кейін жұмысым жүріп, сұраныс артқан сайын өз ісімді өрістете бастадым. Қазір жаман емес, кәсібімнің арқасында үлкен пайдаға кенеліп жатырмын. Бастысы мемлекетке салмақ салмай өз-өзімді жұмыспен қамтып отырмын. Өнімнің бұл түріне әлі де сұраныс жоғары. Уақытпен санаспай барынша тұтынушы талабына сай өнім шығаруға күш салып жатырмын. Қазір нағыз құрылыстың қызып тұрған шағында тапсырыс саны да артып келеді. Тұтынушыларым да риза, мен де жеке табысыма қол жеткізіп жатырмын. Бұйыртса, тағы да қосалқы аппараттар алып, цехта өндірілетін өнім түрлерінің санын көбейту жоспарда бар, – дейді «Димаш» ЖК-ның басшысы.
Үй ауласының жанынан ашылған цехқа келіп жатқан тұтынушылар санының көбіне біз де көз жеткіздік. Бар-жоғы екеуара болған 20-25 минуттық диалог барысында 7 адам 16 терезе, 4 есікке тапсырыс беріп кетті. Іскер азамат бұл тауар түрін шикізат көзі келген бойда 5 күн ішінде дайындай алатынын айтып отыр. Қазіргі таңда «Димаш» ЖК-да өндірілген өнім түріне тек кент орталығынан ғана емес, ауылдық округтерден, және көршілес Қармақшы, Сырдария аудандарынан да тапсырыс түсуде.
Салада 15 жылдық тәжірибесі бар ісмер азамат көбіне тұтынушылар түркиялық тауар түрін таңдағандықтан шикізат көзін де сол жақтан тапсырыспен аллдырады. Ал пластик есік-терезелердің әйнектері Ресейден келеді екен. Қазіргі таңда кәсіпкер тұтынушы талабына сай есік-терезелердің шаршы метріне 18 мың теңгеден тапсырыс алуда. Мұндағы тауралардың бағасындағы сәл қымбатшылықты Дәуренбек Алтыбаев мұнда жеткізілетін шикізат көзімен байланыстырады.