Қызылордадағы балабақшада жастық ішінен құрт тәрізді жәндік табылды
Қызылорда қалалық прокуратурасымен «С» балабақшасында (әрі қарай - Балабақша) қалалық тұтынушылардың құқықтарын қорғау Басқармасының (бұдан әрі - Басқарма) қызметкерін қатыстыру арқылы тексеру жүргізілді.
Облыстық прокуратура баспасөз қызметінің хабарлауынша, балабақша жастықтарының ішін ашу арқылы тексеру барысында, жастықтың ішінен құрт тәріздес тірі жәндік табылып, ол жөнінде тиісті акт жасалып, жәндік Басқарма қызметкеріне тиісті зерттеу жүргізу үшін табысталды.
Зерттеу барысында, аталған жәндік паразитарлық аурулардың тасымалдағыштарына жатпайтындығы белгілі болған. Сонымен қатар, Басқарма қызметкерімен балабақшада Қазақстан Республикасы Үкіметінің 30.12.2011 жылғы №1684 қаулысымен бекітілген «Балалар мен жасөспірімдерді тәрбиелеу мен білім беру объектілеріне қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар туралы» Санитарлық Қағидасының талаптары (әрі қарай - Қағида) сақталмай отырғандығы анықталған.
Сондықтан, жоғарыда көрсетілген заң бұзушылықтарды жойып, алдағы уақытта оларды болдырмау мақсатында нақты іс-шаралар белгілеп, заң бұзушылықтарға жол берген лауазымды тұлғалардың әкімшілік және тәртіптік жауапкершіліктерін қарап, Балабақшада санитарлық нормаларды қатаң сақтау туралы қалалық білім бөліміне және қалалық тұтынушылардың құқықтарын қорғау Басқармасына ұсыныс енгізілді.