Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Сыр өңірінің елордаға тартуы

Қызылорда облысының ауыл шаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі Нұр-Сұлтан қаласы «Хан Шатыры» сауда орталығының жанында, Тұран даңғылы мен Д.Қонаев көшесінің қиылысындағы бірыңғай конструкциямен жабылған алаңда өткізілуде.
Сыр өңірінің елордаға тартуы екі күн жалғасады. Жәрмеңкеге Қызылорда қаласы мен 7 (жеті) ауданының 70-ке жуық шаруашылық пен кәсіпорындарымен 30 автокөлікпен 360 тоннаға жуық жоғары сапалы өнім ұсынылады.
Бүгінде, ауылдағы «алқаптан сөреге дейін» кооперациялық тізбегін іске асыру бастамасымен Сыр өңірінің дихандары және ауыл шаруашылығы тауарөндірушілерімен жалпы 100 млн. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдерін әкеліп, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындарына нарық бағасынан 10-20% төмен бағада ұсынуда.
Белі бүгіліп жерден несібесін терген барлық шаруалар үшін бұл қуанышты мезет. Өйткені, көктемде басталатын жұмыс жазда қызып, күзде жемісін көреді. Қызылорданың брендіне баланатын ақ күріші, балығы мен ас тұзы, қауыны мен қарбызынан Арқа төріндегі тұрғындар дәм татуда.
Сырбойылықтар жәрмеңкеге 146 тонна ақталған күріш, 27 тонна балық және балық өнімдері, 28 тонна асқабақ, 126,5 тонна бақша,
18 тонна көкөніс пен жеміс және 14,5 тонна басқа өнім түрлерін әкелді.
Тез бұзылатын сүт өнімдері секілді тауарлар рефрижератор көлігімен жеткізілді. Сатушыларға арнайы униформа берілді. Карантин талаптары толық сақталған. Барлығы дезинфекциялық құралдармен қамтылған.
Атап өту керек, ағымдағы жылы Қызылорда облысы аграрлық салада айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді.
Егіс көлемі – 1,1 мың гектарға артып, 184,2 мың гектарды құрады. Барлық дәндi дақылдар 99,9 мың гектар, майлы дақылдар 5,7 мың гектар, мал азықтық дақылдар 61,0 мың гектар, картоп, көкөнiс, бақша 17,6 мың гектарды құраса, негізгі дақыл күрiштің көлемі 89,5 мың гектарды құрады.
Егілген күріштен жоғары өнім алу мақсатында күріш егісіне 100 пайыз жоғары репродукциялы тұқымдар себілді. 67,5 мың гектар егіс тыңайтқыштармен үстеп қоректендірілсе, 65,6 мың гектары арам шөптерге қарсы өңделді. Облыста күрішке орақ салу жұмыстары 22 тамыздан басталды. Бүгінгі күні 24 865 гектар күрішке орақ салынып, оның 16 898 гектары бастырылды. Әр гектарынан орташа 49,3 центнерден өнім алынуда. Биылғы жылғы әлемді жайлаған короновирус пандемиясына қатысты карантиндік шаралар мен орын алған суармалы су тапшылығына қарамастан Сыр елінің диқандары былтырғы көлімде өнім жинауын жоспарлануда. Егін жинау жұмыстарын 15 қазаннан кешіктірмей толық аяқтау көзделіп отыр.
Жалпы егіс көлемі 2014 жылмен салыстырғанда 25 мың гектарға артса, әртараптандыру бағытында соңғы алты жылда мал азықтық дақылдар 8,0 мың гектарға, майлы дақылдар 6,9 мың гектарға, ал күріштен басқа дәнді дақылдар көлемі 3,7 мың гектарға ұлғайып отыр.
Сонымен қатар, бүгінгі күнге облыста 227 мың тонна картоп, көкөніс, бақша және 19,7 мың тонна ет, 48,5 мың тонна сүт өндіріліп отыр.
Сыр елінің ауыл шаруашылығы өнімдері қазіргі таңда әлемнің 17 мемлекетіне экспортталуда. Экспортталған өнімнің 92,4 пайызы облыстың негізгі дақылы - күріш өнімі болып, Ресей, Қырғызстан, Беларусия, Әзірбайжан, Моңғол мемлекеті, Тәжікстан, Украина, Түркмения және Ирак мемлекеттеріне шығарылуда.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: