Жалға алған пәтерден қымбат теледидар ұрлаған азамат ұсталды
Қызылорда қалалық Полиция басқармасына қала тұрғынынан арыз түсті. 60 жастағы әйел өзінің арызында жалға берген пәтерінде уақытша тұрып жатқан азаматтың үй ішіндегі қымбат теледидарын ұрлап кеткендігін көрсеткен.
Пәтер иесі жалдаушы азаматпен бетпе – бет сөйлесіп, үйін тексеруге келгенінде оның пәтерден «Sony» маркалы теледидарын ұрлап кеткендігін көрген. Болған ұрлық жөнінде дереу полицияға хабарласқан әйел тәртіп сақшыларына мән – жайды айтып берді. Пәтер иесіне 250 мың теңге көлемінде шығын келтірілді.
Пәтердің ақысын уақытылы төлеп, үйді таза ұстаймын деп уәде берген азамат көп ұзамай ұсталды.
Қазіргі уақытта сенімге кіріп, ұрлық жасаған 28 жастағы қызылордалық азаматқа қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабының 1-бөлігімен (ұрлық) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.