Қазалылық Жаннат Ержігітова осыдан үш жыл бұрын кәсіпкерлікке бет бұрды. «ZhasProject» жобасы арқылы екі миллион көлемінде қайтарымсыз қаржыға қол жеткізіп, «Руханият» ойын-сауық орталығын ашты. Жаннаттың негізгі мамандығы – мұғалім. Ол өзі туған Жалаңтөс батыр ауылындағы №103 мектепте шәкірттерге ағылшын тілі пәнінен сабақ береді.
Жаңашылдыққа жаны құмар Жаннат жуырда «Меgа Ме» оқу орталығының жұмысын бастады. Орталықтың атауы «Біз үлкенбіз, біз біргеміз, біз күштіміз» деген мағынаға саяды. Ал мақсаты – үйренем деушілерді ағылшын тілінде еркін сөйлеуге дағдыландыру, шет тілін терең меңгерту. Сонымен қатар жас түлектерді химия, биология пәндері бойынша Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағына дайындау. Ағылшын тілі аптасына үш рет өтеді. Оқу ақысы – айына 12 мың теңге. Білім алушылардың жасына шектеу қойылмайды. Жеке және топтық жұмыс жүргізіледі. Ал химия, биология пәндері бойынша 7-11 сыныптар аралығындағы оқушылардан топ жинақталады. Аптасына 6 рет өтілетін сабақтың ақысы бір айға есептегенде 15 мың теңге. Қазір орталықта 50 бала білім алуда. Алда тарих, математика және бастауыш сынып пәндерін қосу жоспарда бар.
Осында білім алушылардың бірі – №266 мектеп-лицейдің 10 сынып оқушысы Нұрдана Нұрқаш ағылшын тілін жетік меңгеруді мақсат тұтқан. «Бұндай орталықтың ашылғанына қуаныштымын. Ағылшын тілін жақсы көремін әрі толық білсем деймін. Ана тілмен қоса, шет тілдерді білу болашақта зор мүмкіндіктерге жол ашады», – дейді ол.