Жаңақорғанда ауырған жылқылардың неден өлгені белгілі болды
Жаңақорған ауданының төрт елді мекенінде жылқы малдары ауырып, өлім-жітімге ұшырады. Осыған байланысты аудандық ветеринариялық зертханаға ауырып тұрған жылқы малдарының тезегі (фекалий), ішкі органдары тексеруге жіберіліп, «жылқы гастрофилезі» ауруы екендігі анықталды.
Жалпы, мамандар 94 жылқының ауырғандығын растады. Оның 63-і емделді. 29-ы өлген. Ал екі жылқы сойылған.
«Бұл ауру паразитарлық ауруларға жататындықтан, ауруға қарсы ветеринариялық іс-шаралар мал иесінің өз қаражаты есебінен жүргізіледі. Сондай-ақ, жылқы гастрофилезі ауруы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2014 жылғы 30 қазандағы №7-1/559 бұйрығымен бекітілген "Жануарлардың және адамның денсаулығына қауіп төндіретін жануарларды, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты міндетті түрде алып қою және жою жүргізілетін кездегі жануарлардың аса қауіпті ауруларының" тізбесіне енгізілмегендіктен мал иелеріне өтемақы қарастырылмайды», - деді облыстық ветеринария басқармасының басшысы Ерсұлтан Апетов.
Мал иелері жылқылары ауырып тұрғандығы туралы уақытылы ветеринариялық дәрігерлерге хабарламаған. Жылқы гастрофилезі ауруы бөгелек құрттарынан (личинкалары) пайда болатын ауру болғандықтан, аурудың алдын алу шараларын жүргізбесе, бөгелек құрттары жылқы ағзаларында ересек құрттарға айналып, емдік шаралар жүргізу тиімсіз болып есептеледі және өлім-жітімге әкеліп соқтырады. Басқарма тарапынан бұл бағытта түсіндірме жұмыстары жүргізілген.