Қызылордада «Мәңгілік ел - мұратым» атауымен республикалық айтысы өз мәресіне жетті. Айтысты белгілі айтыскер ақын Нұрмат Мансұров жүргізді.
2021 жылдың 5 ақпаны күні сағат 11.00-де А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде Қызылорда қаласы әкімдігінің қолдауымен, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен Алашқа сауын айтып, кіл жүйрікті жинаған Сырдағы айтыс аламанында Арқалықтан Айбек Қалиев, Ақтаудан Нұрлан Мұсаев, Атыраудан Шалқарбай Ізбасаров, Павлодардан Рауан Қайдаров, Өскеменнен Серік Қуанған, Нұр-Сұлтан қаласынан Дәурен Ысқақов және қызылордалық Ержеңіс Әбдиев, Сырым Әділбеков, Бексұлтан Орынбасаров, Жамбыл Бақытәлі сынды ақындар сөз сынасып, көрермен ықыласына бөленді.
Айтысты ашып беріп, арқалы ақындарға сәттілік тілеген Қызылорда қаласының әкімі Н.Нәлібаев: «Қашанда «Сыр елі – жыр елі» деген сөздің үдесінен шыға білетін Қызылорда әр жылды дүбірлі сөз додасымен бастайтын дәстүрінен жаңылған жоқ. Бүгін ұлттық брендімізге айналып отырған айтыстың дәстүрлер жалғастығын үзбей, жаңа леп бере келген азулы ақындарымыз Сыр өңіріне жиналып отыр. Қызылордада дәл қазір ұлттық өнердің, айтыстың, Тәуелсіздіктің дүбірлі тойы басталмақшы. Бұл айтыс биылғы 2021 жылы аталып өтетін мемлекетіміз үшін мерейлі дата – ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған ауқымды шаралардың бастамасы болмақ» деді.
Құрдастар әзілі, ағалық қамқорлық, жастық жалын, іні мен аға сыйластығы көрініс тапқан айтысқа Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, драматург Роза Мұқанова, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының директоры, белгілі айтыскер ақын Бауыржан Халиолла және ҚР мәдениет қайраткері, ақын, режиссер-сценарист Оңталап Нұрмаханов сынды белгілі тұлғалар қазылық етті.
Тәуелсіздік тағылымын жастардың санасына сіңіру, азат еліміздің жарқын жетістіктерін кеңінен дәріптеу, рухани бай мұрамызды, қасиетті Отанымызды жырға қосуды мұрат еткен айтыс қорытындысында 3 орын Павлодарлық Рауан Қайдаров пен Қызылордалық Ержеңіс Әбдиевке бұйырса, Өскемендік Серік Қуанған 2 орын, Арқалықтан келген Алаштың аяулы ақыны Айбек Қалиев пен Атыраулық арқалы ақын Шалқарбай Ізбасаров 1 орынды өзара бөлісті. Жыр додасының БАС жүлдесін Ақтаулық ақын Нұрлан Мұсаев жеңіп алды.
Барлық ақындар диплом және қаржылай сыйлықтармен марапатталды.