Қызылордада ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай облыстық филармонияда көпшілік назарына «Күй-шежіре» атты концерті ұсынылды Аталған шара «30 жылдыққа 30 іс-шара: Тәуелсіздікке тарту» айдары бойынша ұйымдастырылды. Осы мақсатта филармонияда биылғы жылдың басынан бері бірнеше концерт өткізілді. Өнер шарасы карантин талабына сәйкес ұйымдастырылды. Руханият кешінде облыстық филармонияның Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі, «Ақмешіт» фольклорлық ансамблінің өнерпаздары қатысты. Концертте замананың заңғарына айналған Құрманғазы, Қазанғап сынды белгілі күйшілердің шығармалары көпшілік назарына ұсынылды. Сондай-ақ, жергілікті Шал Мырза, Мұрат Сыдықов, Бәден Айсынов секілді композиторлардың шығармалары орындалды. Кеш барысында 19 күйші өнер көрсетті.