Қазалыда мәдениет мамандарының тапшылығы байқалады
Қазалыда өткен облыстық мәслихаттың көшпелі отырысында мәдениет саласының жағдайын жақсарту туралы сөз болды. Жиын барысында аудан әкімінің орынбасары Ғ.Бәймішев Қазалы ауданының мәдениет саласы бойынша атқарылған жұмыстары мен алда тұрған міндеттері туралы баяндаса, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Т.Жүсіпов мемлекет тарапынан мәдениет саласына көрсетіліп жатқан қолдаулар жайлы айт келе, проблемалық мәселелердің де жоқ еместігін жеткізді. Бөлім басшысы ауданда мүлдем клубы жоқ Сарбұлақ секілді ауылдар да бар екендігін айтып, депуттардан қолдау білдіруді сұрады.
Сондай-ақ, жиында арнайы ғимараты жоқ кітапханалардың жайы да сөз болды. Облыстық мәслихат депутаты І.Тілеп, аудандық мәслихат хатшысы Т.Бөріқұлақов мәдениет саласындағы кадр тапшылығын жеткізді. Қазіргі таңда еңбек етіп жатқан аудандағы мәдениет саласының қызметкерлерінің ізін басатын мамандардың тапшы екендігі айтылды.
Жалпы, бүгінде мәдениет нысандарының басым бөлігі заман талабына сай келмейді. 4 ауылдық клуб апаттық жағдайдағы нысандар тізіміне енгізілген болса, 16 мәдениет нысаны күрделі жөндеуді қажет етеді. Сондықтан, аудандағы барлық мәдениет ошақтарын рет-ретімен салу, оларға жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланды.
Өткен жылы облыстық бюджет қаржысы есебінен 150 орындық 2 ауылдық клуб (Түктібаев, Абай) құрылысы жүргізіліп, оның 1-уі пайдалануға берілді (Түктібаев). Сондай-ақ,аудандық бюджеттен 4 мәдениет нысандары күрделі жөндеуден өтті.Ал биылғы жылға 6 нысанға республикалық бюджет есебінен қажетті қаржы қаралған болатын. Алайда республикалық бюджеттің қысқаруына байланысты бұл нысандардың 4-нің ақшасы қысқарып, 2-еуінің ғана қаржысы қалдырылды.