Ақбалқы Оразымбет аталған Оразымбет Есентайлақұлы 1870-1871 жылдарда Сыр өңіріндегі қазіргі Т.Көмекбаев ауылы маңында туып, 1933 жылы өмірден өткен. Руының атымен Ақбалқы Оразымбет деп атаған. Оразымбет Есентайлақұлының шығармаларын негізінен жинағандар Әлқуат Қайнарбаев (1946), Іскендір Бағатов (1960-1969), тағы басқалар. О.Есентайлақұлы шағын толғаулар, назым сөздер, айтыскерлерге аралық сөз айтқан ақын, жырау. Ол Балқы Базар, Дүр Оңғар, Қорамбай, Шораяқтың Омары сияқты сыр сүлейлерін қадірлеп өткен. Оны Балқы Базарға арнаған толғауынан оқып білеміз. ... Батырлығың Базеке, Бұрынғы өткен Тарғындай. Шыныменен шамдансаң, Екпінің тасты жарғандай, – деп Базар ақынды Тарғындай батырға теңей отырып, Шөменге емес, Базеке-ау үш жүзге бірдей керексің деуі ұстазының өрен жүйрік талантына тәнті болғанын білдіреді. Оразымбет Есентайлақұлының арғы бабалары Жанболай атақты би болыпты. Жанболайдан Амалдық, Есентайлақ тағы басқа ұрпақтар тараған. Амалдықтан – Қожабай би (Қожабай тілмаш), Ордағұл, Молыбай, Жомарт, Қаржаубай. Есентайлақтан – Оразымбет ақын – одан Нығымбет, тағы басқалар өмірге келген. Нығымбет Оразымбетов кезінде Ленинград қаласында оқып, басшылық қызметтер атқарыпты. Ұстаз да болған. Оразымбет ақынның өлең-жырларына тоқталар болсақ «Батырлығың, Базеке», «Жаралы құдай ыңырантып» (Сәрсенбайды жоқтауы), «Базаржан азғындарға еріп кеттің» (Базар қызға айтқаны), «Оразаның бітті бақыт күндері», Қарасақал Ерімбет пен Шораяқтың Омарының айтысына аралық сөзі сирек қорларда кездеседі. Жоғарыда атаған Жомарт Амалдықов ақын әрі молда болған. Базар Оңдасұлы Өтемісовтің (1842-1911) өлеңдерін Ташкенттегі Мағжан Жұмабаевқа жібереді. Ол өз тарапынан 1923 жылы «Ақжол» газетімен «Терме» жинағына (1925) ендірген. Демек, Жомарт молда ғана емес, ауыз әдеби мұраларын жинаушы да. Ал Қожабай болса өз кезегінде Қазалы уезінің болыстарында тілмаш болып қызмет атқарса, Молыбайдан туған Нұғыман Молыбаев ауыз әдебиетін жинаушы, мәдениет қызметкері, айтыскер ақын да болды. Айналасы осындай рухы биік адамдардың арасында туып-өскен Оразымбеттің ақын болмасқа амалы да жоқ та еді. О.Есентайлақұлының жоғарыда аталған өлең-жырларынан басқа, «Әмзе Жомартұлының мерт болуы», «Бұл хатқа құлағың сал Берден інім», ақын Шораяқов Омарға «Сөйле тілім, жосылып» деп Омардың науқастығына қайғырып шығарған. ... Молла Омар, жанабыңа жаздым дастан, Би, фәни, байлаусыз бақ өтер бастан. Дертіңе Қадыр егем бергей шипа, Азырақ көрсеттім түр ықыластан. Жоғарыдағы Қарасақал Ерімбет пен Шораяқтың айтысына айтқаны: ... Дүр Омар шайқасыпсың Ерімбетпен, Бала едің жасың кіші ержетпеген. Киелі, сойдан шыққан әулет еді, Әзелден жұмыла халық құрметтеген, – деген Оразымбеттің аралық сөзіне Омар ақын былайша жауап қайтарған. ... Бұрын, сірә, жазғанымды – Көрмеуші еді ешкім теріс. Тайпасында Ақбалқының – Болмасы тек Оразымбет, – деп Есентайлақұлын біраз жерге апарып тастаған. Ал Омар шайыр дүниеден озғанда Оразымбет «Шораяқ әулетіне» деген көңілқосын жазады. ... Түрікпеннің бедеуіндей шұбарланып, Еркебай марқұм көзге түсті жастан. Кіші жүз молла Омарды білуші еді Жетіру Қаракесек, Бозғұл, Аспан, – деп Шораяқ әулетінің ауыр қайғысына ортақтасады. «Құдай-ау болсам деймін ақыл қабы-ай» деген өлеңінде өзінің отбасы жайлы, мақсат-міндетін жырға қосады. Отыз екі жасында қайтыс болған туысы Сәрсенбайды жоқтауында: ... Оныншы майда ойран боп, Ортамызға өрт түсті. Тап болып тағдыр жазылған, Қар аралас төгіп жас, – дей келе әрі қарай Үш некелі болсаң да, Артыңда тірі қалмады, Сол болды қатты арманың, – деп Нөкербайұлы Сәрсенбайдың қайтыс болып, жамбасы Сейтбембет әулиеден орын тигені де жырға қосылған. Ал інісі Берден Қожабайұлына біраз ағалық ақылын өлеңмен білдіріпті. Ал Базар қызға айтқаны: Базаржан азғырғанға еріп кеттің, Айырылып жолдасыңнан жеріп кеттің. Көрдагей ақылың тайыз бала екенсің, Әуре ғып ақылымды бөліп кеттің. Оразымбет ақынның Ораза туралы жырында: ... Он екі айдың Рамазан патшасы, Шарапаты артық, мұның бақтасы. Афу дейді Қадыр түнін көргенін, Болғанменен Аққа қанша жақпаса. Ортамызға гауһар салып берді Алла, Қолда қалам, баста сәруар ноқтасы. Айтқан әмірін Қадыр түнін күте алсаң, Болар едік, біз пейіштің бақпаны, – деп имандылықтың маңызына тоқталады.
Тынышбек Дайрабай, зерттеуші