Бүгін қылқалам шебері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, КСРО және Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Қайырбай Зәкіров 70 жасқа толды. Суретшінің мерейтойымен облыс әкімі Қ.Көшербаев құттықтап, «Құрмет» грамотасын табыс етті.
- Сіз облысымыздың бейнелеу өнерінің дамуына зор үлесіңізді қосып келесіз. Сіздің шығармашылықтағы тақырыптарыңыз уақытпен, әдет-ғұрып, салт-санамен, бабалардың рухани мұрасымен, экологиялық мәселелермен тығыз үндесіп, мәдени-рухани кеңістігімізді кеңейтіп келеді. Сіздің қаламыңыздан шыққан картиналарыңыз еліміздегі көрмелерде ғана емес, АҚШ, Франция, Португалия, Қытай, Жапония, Марокко, Йемен секілді шет мемлекеттердің өнер мұражайларына, Ресей Федерациясы Мәдениет министрлігінің қорында да қойылған және шетелдік дербес коллекционерлердің қолында сақтаулы, - деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.
Қайырбай Қонысбайұлы суретшілікпен қоса ақындық, термешілікті де қоса алып жүрген сегіз қырлы, бір сырлы шебер. Ол халықаралық, республикалық көрмелерге қатысып, Әзірбайжан, Орта Азия және КСРО Суретшілер одағының дипломанты, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қызылорда облысы әкімінің стипендиаты атанып, «Алтын адам» номинациясының «Самғау» медалімен марапатталған.
Өткен жылы Халықаралық «ТҮРКСОЙ» түркі мәдениетін дамыту ұйымының ұйымдастыруымен Қазан қаласында өткен халықаралық симпозиумда салған «Қорқыт», «Бегім ана», «Балқы базар» атты картиналары жоғары бағаланып, бас бәйгені жеңіп алды.
Суретші өзіне көрсетілген құрметке ризашылығын білдірді.