«Жайдарман» ойындары, республикалық Жоғары Лига сайыстарының 2013 жылғы чемпиондары, көрермен көзайымына айналған «Назар аудар» командасы Арал ауданында қонақта болып, көңілді кешін өткізді. Кешті танымал жайдарманшылар, жерлесіміз Ғалым Махамбетов пен Данияр Бекжанов жүргізді.
Жайдарман ойындарында өзінің тұщымды әзілдерімен көптің көңілін баурап жүрген «Назар аудар» командасының жігіттері талай жүлделерді жеңіп, әзіл-доданың белді ойыншыларына айналған. Бұл жолы да өнер иелері аралдықтарға боямасыз күлкі сыйлады. Әрбір әзілдерінде бүгінгі қоғамда орын алып жүрген келеңсіздіктер мен саяси ахуал жатқаны байқалып тұрды. Жастардың да көкейтесті мәселелерін тапқырлықпен ұтымды жеткізуде алдына жан салмаған өнерпаздар көрермендердің ерекше қошеметіне ие болды.