Қазалылық өнерпаз «Мәдениет саласының үздігі» атанды
Қызылорда қаласы А.Тоқмағамбетов атындағы облыстық филармониясында «Мәдениет және өнер қызметкерлерінің» кәсіби мерекесіне орай Қазалы ауданының мәдениеті мен өнерінің өсуіне елеулі үлес қосып жүрген дарын иесі, Бүкілодақтық көркемөнерпаздар байқауының лауреаты, актриса Төребекова Гүлнар Тілеубергенқызына ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін облыс әкімінің орынбасары Рауан Кенжеханұлы табыстады.
Еңбек жолын Бозкөл ауылында автоклуб меңгерушісі болып бастаған Гүлнар Тілеубергенқызы осы уақытқа дейін 35 жыл бойы тынбай халыққа мәдени қызмет көрсетіп келеді. Аудандық мәдениет Орталығы жанындағы Ж.Тұрсынов атындағы халық театрында өнер көрсетіп, Ж Құсайыновтың «Жоғалған күнделігіндегі» Айна ролін, Ғ.Мүсіреповтың « Қозы корпеш Баян сұлу» спектаклінде Мақпал бейнесін, «Қыз Жібек» спектаклінде Аягөз бейнесін, Қ.Мырзалиевтің «Түрт шайтаным түрт» спектаклінде Шекер ролін, С.Балғабаявтың «Қыз жиырмаға толғанда спектаклінде» Ғайни ролін, Р .Жанайдың «Жанқожа батыр» спектаклінде Ана рөлін сомдап, халықтың ықыласына бөленіп жүр.
Сонымен қатар, Гүлнар Төребекова аудандық мәдениет орталығы жанынан құрылған «Қазалы қалжыңы» ойын-сауық отауына және «Әжелер ансамбліне» жетекшілік жасап, көптеген жетістіктерге жетті. Қазіргі таңда ол №2 мәдени-демалыс кешеннің меңгерушісі болып қызмет атқарады. Жоғары марапатқа ие болған өнер иесі аудан мәдениетінің дамуына лайықты үлес қосып, тәжірибе мен қажыр-қайратын ел игілігіне жұмсады.