Facebook WhatsApp Instagram

Мәдениет

0

«Дос-Мұқасан» әндері жаңаша форматқа енбек (ВИДЕО)

«Дос-Мұқасан» әндері жаңаша форматқа енбек (ВИДЕО)3 желтоқсан күні әйгілі «Дос-Мұқасан» 46 жылдық мерейтойларына орай, дүбірлі кеш өткізбек. Думанға қазақ сахнасының көркіне айналған жұлдыздар қатысады. Сонымен қатар, кейінгі жас буын өкілдері де жалынды ансамблдің репертуарындағы әндерді жаңаша форматта елге ұсынады.
Өнерде әркімнің-ақ бар таласы. 60 жылдары сахнаға бас ұрып, ән деп шашылған жастар аз болған жоқ. Дегенмен, «Дос-Мұқасанның» бәсі биік, мысы басым тұрды. Ән салуды 1967 жылы Қазақ Ұлттық техникалық университеті сахнасынан бастаған ансамбльдің даңқы көп өтпей әлемді шарлады. Жуырда өтетін аңыз ұжымның ән кешіне «Жігіттер» квартеті де қатысады. Қазір төрттік қызу дайындық үстінде. 
«Дос-Мұқасанның концертіне қатысу - біз үшін үлкен бақыт. Біздің ата-аналарымыздан үлкен кісілер ғой. Немерелері секілдіміз. Немерелері ретінде концертке қатысқалы жатырмыз», - деді «Жігіттер» квартетінің әншісі Ердос ҚАНАЕВ. 
Бұған дейін олар Павлодар өңірінде өткен «Жасыбай жұлдыздары» концертінде әйгілі топтың әндерін орындаған болатын. Ақан серінің «Ләйлім шырақ» әнін алдыңғы буын Дос-Мұқасанның орындауында тыңдаса, енді жігіттер аталмыш әнді заманауи өңдеуде паш етпек. 
«Әнді Арман Бексұлтан жазып берді. Екінші "Алматы түні" деген ән. Танымал ән ғой, кең таралған. Талай жастардың гимніне айналған. Сол әнді біз шырқайтын боламыз», - деді «Жігіттер» квартетінің әншісі Ердос ҚАНАЕВ. 
Ансамблдің репертуары ауқымды. Әрқайсысы көңіл түкпірінде сайрап тұр. «Ауылың сенің іргелі», «Құдаша», «Той жыры», «Назқоңыр» бәрі-бәрі Дос-Мұқасанның орындауында хитқа айналды. Аңыз әншілердің әндері - қазақтың қанымен, жанымен, қасиетімен біте қайнасып кеткелі қашан. Ендеше, жастығыңызды сағынып, жан-дүниеңізді рухани суғарғыңыз келсе - 3 желтоқсан күні Республика сарайына асығыңыз. Дос-Мұқасан, сіздерді күтеді.
 

Алматы телеарнасы
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: