Қазақстан чемпионы, шымкенттік «БИІК-Қазығұрт» клубы өткен маусымның қорытындысы бойынша УЕФА-ның клубтық рейтингінде 23 орында тұр. Қазақстан футбол федерациясы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, бұл рейтинг қазақстандық командаға іріктеу кезеңін өтпей, әйелдер арасындағы Чемпиондар Лигасында жарысты 1/16 финалдан бастауға мүмкіндік береді.
1/16 финалдың жеребесі 20 тамыз күні тартылады. Ал ойындар 2015 жылдың 7 және 14 қазанында өтеді.
Қазіргі таңда Қазақстан УЕФА-ның клубтық рейтингінде 15-ші сатыда тұр. 2016 жылғы маусымнан бастап рейтингте 1-12 ші орындарда тұрған қауымдастықтар әйелдер арасындағы Чемпиондар Лигасының екі лицензиясына ие болады. Ал, бұл маусымда мұндай құқыққа тек УЕФА рейтингінде 1-8 орындарда тұрған қауымдастықтар ие.
Еске сала кетейік, өткен маусымда «БИІК-Қазығұрт» футболшылары 1/6 финалдан аса алмады. Олар турнирде жеңіске жеткен немістің «Франкфурт» командасына жол берген еді. Шымкентте өткен ойын 2:2 есебімен аяқталғанымен, сырт алаңда 4:0 есебімен есе жіберді.