Арал қаласының орталық алаңында жастар арасында дәстүрге айналған «Асық Пати» кеші өтті. «Жастар ресурстық орталығы» МКМ, «Жас Арал өрендері» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен шараға аудандағы «Жүректен жүрекке» еріктілер тобы мен «Альянс студенттері» белсенділік танытты.
Сайыс барысында иіргенде түскен қалпына қарай алшы, тәйке, бүк, шік деп асық атудан жарысқан жастар мергендіктерін дәлелдеп жатты. Нәтижесінде Қадыржан Сағынаев 1 орынды, Нұртаза Ордағұлов 2 орынды иеленіп, Шыңғыс Нұрбаев, Серік Шыңғали, Бақыт Нұртасовтар 3 орынды өзара бөлісіп, ұлттық спортты дамытуға қосқан үлестері үшін Алғыс хаттармен марапатталды.
«Асық Пати» шарасы жастардың караоке байқауына ұласты. Бұл кеште ән сүйер өрендер өздеріне жақын әуенді әуелетіп орындады. Ал, орталық алаңда олардың өнерлеріне тәнті болған аға буын өз бағаларын берді. Ерекше ән салу өнерімен, таланттарымен көзге түскен өнерлі жастар жүлдеден құр қалмады. Атап айтқанда, А.Таңатова 1 орынды, Н.Октяброва 2 орынды, А.Саттарова 3 орынды еншілеп, марапатқа ие болды.