Арал ауданының орталығында ҚР Халық әртісі Құдайберген Сұлтанбаев атындағы көше салтанатты түрде ашылды. Оның ашылу салтантына өнердегі үзеңгілес достары мен жора –жолдастары, жары және балалары қатысты.
Салтанатты шара барысында аудан әкімі Абзал Мұхимов құттықтау сөз сөйлеп, бұл күннің маңызына тоқталып өтті. Және Құдайберген Сұлтанбаевтың жары Дәкен Сұлтанбай осындай құрмет жасаған Арал жұртына алғысын білдірді.
Сондай-ақ, осы шара қарсаңында Құдайберген Сұлтанбаевтың өмір жолынан сыр шертетін кітап жарыққа шықты. Кітапта бала Құдайбергеннен -аға Құдайбергенге дейінгі жүріп өткен жолдары мен ел үшін еткен еңбегі жазылған.
Оданк кейін өрелі өнер иесін еске алуға арналған мәдени-танымдық шара өткізілді.
Арал қаласындағы мәдениет үйінде өткізілген кеш шымыдығын жерлесіміз, ақын Шөмішбай Сариев ашып сөз сөйлеп, Құдайберген Сұлтанбаев жайында есте қалған естеліктерден сыр шертті. Сондай-ақ Өмірқұл Айниязов, Жолбарыс Сейфуллин және Елмұра Жаңабергенова сынды бірқатар әншілер кештің көркін қыздырды.
Сатираның сайып қыраны Құдайберген Сұлтанбаевты еске алуға арналған шараға қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары келіп өнерден сый жасады. Аралдықтарды осы қуанышымен «Нұр Отан » партиясы Қызылорда облысы филиалы Төрағасының Бірінші орынбасары Наурызбай Байқадамов арнайы келіп құттықтады. Және біздің мақтаныштарымыздың бірі ақын Шөмішбай Сариев ағамыз да кештің құрметті қонағы болып, Құдайберген Сұлтанбаевқа арнаған жүрек жарды жырын жолдады. Кеш барысында экраннан Құдайберген Сұлтанбаевтың бейнеқордан алынған естелік жазбалары көрсетілді. Еске алу кеші әншілеріміздің әсем әнімен жалғасып өз деңгейінде тойланды.