Күнтізбе бойынша төрт жылда бір мәрте ақпан айы 29 күнмен бітеді. Оны қазақы тілде кібісе жыл деп атайды. Дәл осы күні дүниеге келген азаматтар бар. Олардың ерекше күнде дүниеге келгендігі көпшілікті қызықтырады. Бұл жөнінде Seykhuninfo.kz ақпарат агенттігі «Ақмешіт апталығы» газетіне сілтеме жасап хабарлайды.
Солардың бірі – Жалағаш ауданы, Таң ауылының тұрғыны Марал Сәрсенбева биыл 56 жасқа толса, шаңырақ көтергеніне 35 жыл болады. Ауылшаруашылық саласында біраз жыл механизатор болып еңбек еткен, трактор жүргізген.
Алты бала тәрбиелеп, немере сүйіп отыр. Туған күні – 29 ақпан төрт жылда бір рет келетін болғандықтан меншік иесі туылған күнін 28 ақпанда атап өтеді. Дегенмен, биылғы туған күнін 29-ы күні тойлайды. «Негізі, туылған күнге онша мән бермеймін. Бірақ, балаларым жылда құттықтап, мәз болып қаламын», – дейді М.Сәрсенбаева.
Ал, келесі кейіпкеріміз, ұстаз – Гүлназ Әбдіраманова. Ол №173 орта мектепте қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарады. Балаларды жанындай жақсы көретін меншік иесінің құжат бойынша дүниеге келген күні 1 наурыз деп белгіленген. Туылған күн иесі биыл 43-ші көктемін қарсы алады.