Facebook WhatsApp Instagram

Мәдениет

0

Дұрыс нұсқасымен шырқаса екен: "Мен қазақпын" әнінің авторы мәтіннің қате орындалып жүргенін айтты


Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында жалпыхалықтық челленджге айналған "Мен қазақпын" әнінің авторы Нұржан Өмірбаев мәтіннің кейбір сөздері қате айтылып жүргенін, сондай-ақ оның шығу тарихын айтып берді деп хабарлайды
KAZ.NUR.KZ порталы Елорда Инфоға сілтеме жасап.
Ақынның сөзінше, әннің алдымен мәтіні шыққан. Одан кейін Нұржан Өмірбаев мәтінді сазгер Жарасқан Төлебайға жіберген. Ол тез уақытта домбырамен орындаған әуенді жолдаған. Осылайша олар табиғатына келеді-ау деп әнді Қуандық Рақымға ұсыныпты.
"Негізі бұл – қайраудан, жігерленуден шыққан дүние. "Елді ойлайтын арлан азамат туса, оны қабатын мың ит қоса туады" дегендей, әлеуметтік желі болсын, басқа да ақпараттық көздерден жетістікке жеткен қазақ баласының қолынан емес, аяғынан тартатындар көп.
Алайда жарқырап көрінген бір қазақ болса, соған барша қазақтың бар жанымен қуанып, шын пейілімен, ыстық ықыласымен батасын беріп, тілекші болғанын қалаймыз. Бірақ біреу қателік жіберіп қойса, тентегін текті сөзбен тезге салғанның орнына жан-жақтан теуіп, сөзбен сойыл соғып, әйтеуір оның ар-ұятын төгуге, айқайлап: "ойпыр-ай, мынау осындай масқара болыпты" деп жеткізуге асығамыз.
Сондай сәтте сүрініп кеткен, бүгіліп кеткен адамды, керісінше, тізесін қағып: "әй, бауырым мұның дұрыс болмады, енді аяғыңды аңдап бас" деп, ақылын айтып, тұрғызып жіберетін қазақ болса екен деген арзу арманнан шыққан дүние – бұл. Әннің қысқаша тарихы осылай", - деді ақын.
Өмірбаевтың сөзінше, әннің қазіргі орындалып жүрген нұсқасында мәтіннің бір-екі жерінде қателік кеткен. Ақын көпшілікті дұрыс нұсқасымен шырқаса екен дейді.
"Бір айта кететіні, бұл әннің қазіргі орындалуында мәтіннің бір-екі жері қате айтылып жүр. Мысалы, "Сүрінгенде, бүлінгенде" деп айтылып кеткен. Ал мәтіннің түпнұсқасында ол "Сүрінгенде, бүгілгенде" болатын. Одан кейін "Желдей жүйрік жылқы мінбей жалғанда" емес, дұрысы: "Желдей жүйрік жылқы мінбей, арманда
Аламанда ат оздырмай кетер ем!" болуы керек. Әнді көпшілік орындағанда осы дұрыс нұсқасымен шырқаса екен деген тілегім бар автор ретінде", - дейді Нұржан Өмірбаев.
Сонымен бірге, ақындар тарапынан мәтіннің көркемдік деңгейіне байланысты сын айтылатын көрінеді. Өмірбаевтың өзі де сөздердің аса көркем, кестелі тілмен жазылмағанын мойындап отыр.
"Мұндағы сөздің мақсаты – ұран негізі. "Пафос" деп те айтады. Шынымен-ақ бұл – пафос та. Бірақ "Мен қазақпын!" деп мақтанарлықтай пафос деп ойлаймын. "Мен қазақпын" деп айтатын сәт келгенде қашанғы бұғып жүрмекпіз?!", - деді ол.
Айта кетсек, Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында желіде тараған "Мен қазақпын" челленджін президент Қасым-Жомарт Тоқаев қолдаған еді.
Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Twitter желісіндегі парақшасында аталған акцияға қатысты қолдау білдіріп, өте жақсы бастама екенін айтқан.

Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: