Байыпты бастама жалғасын тауып, Еңбек ауылында тағылымы мол тамаша іс-шара болып өтті. Аудан әкімінің орынбасары, комиссия төрағасы Ж.Тажмаханов бастаған комиссия мүшелері Еңбек ауылдық мәдениет үйінде бас қосты.
Комиссияның көшпелі мәжілісіне облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның хатшысы Б.Үмбетова, «Сыр аналар» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Н.Мұсаева қатысты.
Алдымен «Батыр аналар» ансамблінің қолөнер бұйымдарының көрмесі тамашаланды. Көрмедегі түскиіз, қоржын, кесеқап, құрақ көрпешелер секілді бұйымдар көздің жауын алады. Бұдан соң, ауылдағы ширек ғасырлық тарихы бар «Батыр аналар» ансамблі «Қыз он үшке толғанда» атты қойылымын көпшілік назарына ұсынды. Ауыл тұрғыны, ансамблдің белді мүшесі Гаухар Досқабылова немересінің он үшке толып, қыз салтанатын құру рәсімін жасады. Салтымызға сәйкес, жас қыздың жеңгелері беліне белдік, бұрымына шашбау, саусағына сақина салды. Аналар ақ батасын беріп, салтанат соңы ән-жырға ұласты. Қойылымға куә болған шара қонақтары Б.Үмбетова және Н.Мусаевалар аналар ансамбліне алғыстарын айтып, тағылымы мол шараны терең насихаттау қажеттігін айтты.
Сондай-ақ шара барысында ауылдағы «Атамекен» шаруа қожалығы аз қамтамасыз етілген 6 отбасына азық-түлік түрінде қолдау көрсетті.