Арал аудандық мәдениет орталығында Қазақ поэзиясының ұлы жүректі тұлғасы, ақын Зейнолла Шүкіровті еске алуға арналған «Кіндігім бірге Аралмен» атты әдеби – музыкалық кеш өтті.
Кеш шымылдығын қайсар ақынның өміршең өлеңі мен ұлы тұлғасын бейнелеген прологпен түріп, ақынның шығармашылық жолына шолу жасалды.
Зейнолла Шүкіров Бөгенде жатып – ақ елу томдық үлкен Совет Энциклопедиясындағы медицина, әдебиет және тарих ғылымдарына қатысты материалдарды оқып, көңіліне хаттай білді. Ширек ғасырлық шығармашылық өмірінде ол аз жазған жоқ: лирика, эпика, повестер мен екі роман қалдырды.
Әдеби -музыкалық кешті мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Т.Дәрменов ашып, ақын туралы өз лебізін білдірді.
Зейнолла Шүкіров қазақ поэзиясының ұлы жүректі тұлғасы. Ол – ұлы Тұран ойпатындағы теңіз перзенті. Аралдың ардақты аяулы ақыны. Ұлы тұлғаны ұлықтаған кешке Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген мәдениет қайраткері, Арал ауданының құрметті азаматы, дербес зейнеткер Шәкірат Дәрмағамбетов,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Кампозиторлар Одағының мүшесі, Арал ауданының құрметті азаматы, күйші – кампозитор, жыршы – ақын Мұрат Сыдықов қатысып, ақын туралы естелігін айтып, М.Сыдықов «Дауылпаз ақын» күйін тарту етті.
Зейнолла ағаның кіндік қаны тамған киелі туған жері Бөген ауылдық №20-шы орта мектептің директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Марат Андызбаев, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Жұмабай Жақып Қазақтың Островскийі атанған ақын туралы өз лебіздерін білдіріп, кешті ұйымдастырған ұжымға алғысын айтты .
Мәдениет саласының үздігі төс белгісінің иегері өнердің анасы Базар Қостаева, Зейнолла ағаның қарындасы Аманбике апа қатысып, Базар Қостаева «Гүлдерайым» әнін ақынның рухына арнап шырқады.
«Ұлағат» ардагерлер мүшесі Ш.Ілиясов, З.Ізекешова, Ғ.Өмірзақов, А.Есжанов. Ж.Мамыров, Ш.Балманова, Г.Әйтімова әннен, жырдан, күйден шашу шашып, көрермен көңілін көтерді.